Мәлік Мырзалин Грузияға Елші болып тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Ол ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан босатылды. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мырзалин Мәлік Кеңесбайұлы - 1971 жылы 31 қазанда Ақтөбеде дүниеге келген.

1996 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірді.

Еңбек жолын 1988 жылы Ақтөбе хром қосылыстары зауытының жөндеу-құрылыс цехының жұмысшысы ретінде бастаған. 1989-1990 жылдары Ақтөбе автожөндеу зауытында зертханашы болып жұмыс істеді.

Өзінің дипломатиялық қызметін 1995 жылы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің стажеры, референті ретінде бастады, онда бірінші хатшы лауазымына дейін көтерілді.

2004-2007 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары, әкімнің бірінші орынбасары болды.

2008-2009 жылдары «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2010 жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы«АҚ президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.

2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы болды.

2011-2013 жылдары - ҚР Дін істері агенттігінің Жауапты хатшысы.

2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысының орынбасары, бірінші орынбасары болды.

2017-2019 жылдары - Ақмола облысының әкімі. Қазақстанның Грузиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болды.

І сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие.

Қазақстан Президенті Бауыржан Әлімұлы Мұхаметжановты Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатты.

Бүгін сондай-ақ, еліміздің Болгария, Литва және Албаниядағы Елшілері тағайындалды.


Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар