Мәлік Мырзалин балалар үйінің 100-ден астам қызметкерін жұмысқа орналастыратын болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі жабылғалы тұрған Сандықтау балалар үйінің 100-ден астам қызметкерін жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге уәде берді. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде тұрғындар тарапынан әлеуметтік - тұрмыстық мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Мұның ішінде тікелей байланыс арқылы және әлеуметтік желіні пайдаланушылардың да бірқатар сұрақтары болды. Жекелеген өтініш-тілектер бойынша телефон байланысы арқылы тиісті аудан және қала әкімдеріне, басқарма басшыларына «онлайн» режимінде нақты тапсырмалар берілді. Өз кезегінде жауапты тұлғалар әкімге тікелей эфир арқылы жауап қайтарды. Ал, «ашық» микрофон арқылы қойылған сұрақтардың арасында Сандықтау балалар үйінің жабылатындығы айтылды.

«Бұл тұрғындардың өмір сапасы мен әл - ауқатының артуына байланысты туындап отырған жағдай. Жетім балалардың саны азаюда, оларды отбасылар асырап алып жатыр», деді М.Мырзалин.

Аймақ басшысының сөзінше, Сандықтау балалар үйінде тәрбиеленушілер аз қалғандықтан Ақкөлдегі балалар үйіне ауыстырылып отыр. Әкім өзі Сандықтау балалар үйіне барып, көргенін, оның жабылуы уақыттың талабы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Сандықтау балалар үйінің 100-ден астам қызметкерін жұмысқа орналастыратынын жеткізді. Ал, балалар үйінің бұрынғы ғимаратына қатысты мәселе алдағы уақытта шешілетін болады. Мүмкін онда интернат орналастырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар