Мәлік Мырзалин Атбасардың су тасқынына дайындығын тексерді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Атбасар ауданының көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, аймақ басшысы сапар барысында Атбасар ауданының су тасқынына қауіпті аумақтарын аралап көрді.

«Жабай, Есіл, Жыланды және Шортанбай өзендерінде судың іркіліссіз ағуын қамтамасыз ету бағытында мұз жару шаралары атқарылды. Өткен жылы барлығы 8 мың шаршы метр аумақта мұз жарылса, биыл бұл көрсеткіш 1,5 шаршы метрге артып отыр.

Қауіпті аумақта орналасқан Атбасардағы №1 орта мектепті 2014 және 2017 жылдары су шайып кетті. Қазіргі кезде, білім ордасын айнала қоршай биіктігі 1 метрге жуық, инертті материалдар салынған 4 мыңнан астам қап төселді.

Ал жаңа шағынауданда көпқабатты 12 тұрғын үй салынды. 45 пәтерлі әр үйде бір бөлмелі - 15 пәтер, екі бөлмелі - 18 пәтер, үш бөлмелі - 12 пәтер бар», деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, 2017 жылы болған су тасқынынан Атбасар ауданында 544 тұрғын үй апатты деп танылды. Сол кезде, зардап шеккен тұрғындар үшін тұтас бір квартал тұрғызу туралы шешім шығарылды. Оның ішінде зардап шеккен 90 отбасы баспаналы болды. Бұл үйлер өткен жылдың соңында пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, теміржол көпірінің маңында су жіберу көлемін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жақын күндері бұл жерде су ағынын тәулік бойы онлайн режимде бақылап, мониторинг жүргізіп отыру үшін бейнебақылау камерасы орнатылады.

Бұдан бөлек, Атбасар ауданында Жабай және Есіл өзендерінің жағасын бойлай бұзылып жатқан үйлердің іргесі нығайтылды. Өзеннің түбі қамыс және шөптерден тазартылды. Су басу қаупі бар әлеуметтік нысандар мен көшелер, арықтар мен су жіберу нысандары қардан тазартылуда.

«Атбасардан бөлек, «қызыл аумақ» - қауіпті аумаққа Сандықтау, Астрахан, Қорғалжын және Целиноград аудандары кіреді. Бұл аудандарда да алдын алу шаралары жүзеге асырылуда.

Аймақ басшысының тапсырмасымен облыстық азаматтық қорғаныс жүйесі наурыздың 18-нен бастап жоғары дайындық режиміне көшірілетін болады», деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар