Мал жаюға 8,9 млн гектар жайылым жетіспейді –АШМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның 15 облысында мал жайылымына тапшылық бар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Жер балансына сәйкес, жайылымдық жерлер 183,4 миллион гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 миллион гектар – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 миллион гектар – бос жатқан жерлер, 21,2 миллион гектар – елді мекендерге іргелес жерлер және 15,9 миллион гектар – басқа санатта (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері)», - деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрлік жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 миллион мал бар.

«Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 миллион гектар жайылым қажет. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7% өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16% құрады», - деді министр.

Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 миллион мал бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 миллион гектарды құрауы мүмкін.

«Республиканың 17 облысы ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жайылым тапшылығы байқалады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.


Соңғы жаңалықтар