Мал ұрлығы қай өңірлерде өршіп тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріпов мал ұрлығы қай өңірлерде көп кездесетінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистика көрсетіп отырғандай, жыл басынан бергі 9 айдың қорытындысы бойынша сотта 251 қылмыстық іс қаралып, 464 адам қылмыстық жауапкершіліке тартылған. 251 істің ішінде тараптардың татуласуымен 226 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. 203 адам сотталып, бір адам ақталған. Сот үкімімен аталған істерде 70 адам бас бостандығынан айырылды», - деді ол Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, мал ұрлығына көп жағдайда жұмыссыздық, ақшаның жетіспеуі мен иелерінің малды қараусыз қалдыруы себеп болып жатады.

«Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің көбі Түркістан облысындағы соттарда (71 адам), Алматы облысында (57 адам), Қызылорда облысында (91) Шығыс Қазақстан (49) облыстарының соттарында тіркелген. Маңғыстау облысында мал ұрлығының ең төменгі көрсеткіші байқалған (бар жоғы екі адамға қатысты бір қылмыс). Шымкент қаласында (5 адамға қатысты 2 іс) және Ақмола облысында (6 адамға қатысты 3 іс), Қарағанды облысында (12 адамға қатысты 4 іс) да мал ұрлығы аса көп емес», - деді ол.

Еске сала кетсек, аталған дөңгелек үстелде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов елімізде жалпы ұрлық жағдайлары және барымташылармен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтып берген болатын.

Өз кезегінде Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров ауыл тұрғындары мал ұрлығы бойынша мемлекеттік органдардың қызметкерлері қауқарсыз екенін, ал мал ұрлаушылар еркіндікте тайраңдап жүргенін айтып шағымданатынын тілге тиек еткен болатын.

 

Соңғы жаңалықтар