Мал шаруашылығында шығынның 70 пайызы жемшөпке кетеді – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде жемшөп бағасының қымбаттағаны байқалады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мал шаруашылығында шығынның 70 пайызы жемшөпке кетеді. Оның үстіне бағаның айтарлықтай өскені байқалып отыр. Сондықтан мал шаруашылығы саласын субсидиялауды төмендету қисынсыз. Керісінше, қолдау көлемін ұлғайтып, отандық жемшөп желісін құру керек. Одан бөлек, еліміздегі жемшөп қорына құс шаруашылығы мамандары да алаңдаулы. Бізге ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер өз проблемаларымен жүгінеді. Мысалы, Павлодар облысындағы «Turkey PVL» ЖШС күркетауық өндірісін субсидиядан алып тастағанына наразылық білдіріп отыр», - деді Асқарбек Үйсімбаев Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында.

Сондай-ақ, халық қалаулысы кейбір субсидияны қысқартуға қарсы шықты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды бұқаларды сатып алу субсидиясын алып тастауды ұсынып отыр. Аталған шара ауылда мал өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан аталған субсидия түрін сақтау қажет. Сол сияқты тұқым шаруашылығы саласын субсидиялауды тоқтатпаған жөн. Өйткені, аталған шаруашылықта кейбір тұқым түрлерін сақтап қалу маңызды. Тұқым өндірушілерді қолдау мен оның қолжетімділігін арттыруда мемлекеттен субсидия қажет-ақ», - дейді ол.

Бұған дейін Ербол Қарашөкеев субсидиялау процесінің электронды форматқа көшетінін айтқан еді.

Аталған жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев отандық сүт өндірісінің дамуына алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстанда 3 млн тонна сүт өнімдерінің тапшылығы бар.


Соңғы жаңалықтар