+7 (701) 759 90 19
USD 419.69 EUR 510.89
RUB 5.63 CNY 64.82
Jańalyqtar

«Мал құлағы саңырау» болса, адам жаны жаралы болмас

2020 жылғы 28 қараша 14:10
Бөлісіңіз:
«Мал құлағы саңырау» болса, адам жаны жаралы болмас

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында интернет сайттарында өз қызын зорлаған әкенің сотталғаны туралы ақпарат жарық көрген еді. Осыған байланысты бір оқырман «мұндай хабарларды жұртқа жариялаудың қаншалықты қажеті бар. Оқудың өзі ауыр, осындай ақпарат арқылы азғындық жарнамаланып, көбейіп жатқан жоқ па? «Мал құлағы саңырау» дейтін ел едік қой» деп хат жолдапты.

Әрине, ақпарат құралдарында таралып жатқан бұл жаңалық негізінен соттың шығарған үкіміне байланысты хабар еді. Десе де, оқырман пікірі ой саларлық дүние. Қазір ақпарат құралдарында көп нәрселер ашық айтылып, айтылудың арғы жағынан «жарнамаланып» та жатыр, тіпті рейтингке жұмыс істейтін кей телеарналарда бұл үдеріс «модаға» айналып кеткендей.

«Хайп» үшін бәрінен тартынбайтын жастарды бағдарламаға шақырып, пәктігін сатқан қыздың, жезөкше жігіттің, қызтекенің әңгімесін жұрттың назарына ұсынып, халықтың жүйкесіне тигелі қашан. « Қызға қырық үйден тыйым « деп мәпелейтін қаракөздерімізге эфирден бай іздеткізген «Қалаулымға» да елдің өкпесі қара қазандай.

Халық «ұят» дейтін ұлы ұғымның төмендеп кетуінен, ұл-қыздарының осындай жеңіл жарнаманың жетегінде кетуінен алаңдайды.

Енді «Мал құлағы саңырауға» келейік. Бұл сөзді соңғы рет қашан естігенім есімде қалмапты, бірақ бала шағымызда үлкен кісілер көп айтатын. Ал қазір айтылмаса бұл - әрине қоғамның түзеліп, азғындықтың азайып кеткенінен емес, сөзді жүйесін тауып айтатып, жамандыққа тыйым салатын даңғыл кеуделі дана халқымыздың, осы ұлы ұғымын түсінетін адамдардың азайғандығынан болар.

Өз басым бұл сөзді тұңғыш рет бала күнімде анамның аузынан естіген едім. Біздің ауыл Өр Алтайдың Шіңгіл деген ауданында отыратын еді. Әлі есімде, бір күні кеште жеңгем көрші ауылда тұратын Асқар деген кісінің қызы қашып кеткенін айтып келді.

Анамның бірден қабағы түйіліп, «оны неменеге сүйншілеп отырсың, бетін ары қылсын! Мал құлағы саңырау! Енді мұндай нәрсені айтушы болма» деп тыйып тастаған еді. Бақсам, анам сол кезде өзі тәрбиелеп отырған қыздарын ойлап, жүрегі қобалжып кеткен екен-ау.

Алтайда «Қыз қашып кету» деген үлкен ұятты іс саналатын, тәрбиесі кемшілдеу дегеннің белгісі ретінде бағаланатын. Қызы қашып кеткен үйдің еңсесі басылып, ата-анасы біразға дейін төңіректегі жұртқа қарай алмай жүретін еді.

«Жақсы сөз - жарым ырыс» дейтін халқымыз жақсылықтың жаршысы болуға, жамандық айтпауға шақырады. Жаман сөз жамандық шақырады деп білген. Сондықта да болар, «Біреу, біреуді атып өлтіріпті», «Біреу біреудің қызын зорлапты», «Біреу өзіне қол жұмсапты» деген секілді жаман сөздерді естігенде, бұрынғының үлкендері «Мал құлағы саңырау» оны адам тұрмақ малдың құлағына естіртпеңдер» деп тыйым салып отырған.

«Мал құлағы саңырау» - бұл дана халқымыздың ой жемісінен туған үлкен филосафиялық мәні бар ұғым.

«Нұр Мүбәрак» университетінің докторанты, наиб имам Руслан Қамбаров «мал құлағы саңырау» ұғымы қазақ дүниетанымының ислам қағидаларымен үндесіп жатқанының белгісі екенін айтады.

«Ниса сүресінің, 148-аятында «Алла жаман сөздің жарияланып сөйленуін жақсы көрмейді. Бірақ зұлымдыққа ұшыраған біреудікі басқа. Алла әр нәрсені естиді, біледі» деп жазылған. Тағы бір хадисте «Ей, тілімен иман келтіріп, жүрегіне иман кірмегендер! Мұсылмандарды ғайбаттамаңдар. Олардың әлсіз де осал тұстарын аңдушы болмаңдар. Кімде-кім мұсылман бауырының әлсіз, осал тұсын тіміскілейтін болса, Алла Тағала оның айыбын ашады. Ондай адамды үйінде отырса да, ел-жұртқа масқара етеді» делінген. Бүгінгі кейбір БАҚ өкілдерінің әрекеті «жаңалық», «хайп» немесе басқа атаумен айтса да, оның түбі өзгермейді. Өсек және ғайбат боп қала береді. Елдің құлағын елең еткізу үшін жасалған мұндай пиғылдан ең әуелі сөз таратушының өзі зардап шегеді. Ең сорақысы - бұл қоғамның моральдық санасына теріс әсері. Бастапқыда сұмдық деп қараған елдің бірте-бірте мұндай жаңалықтарға бойы үйренеді. Үлкендердің қой демеуі, жастардың білгенін істеуі қоғамды жақсылыққа апармайды. Сондықтан халықтың құлағы, көзі болып отырған ақпарат құралдарында мүмкіндігінше елге пайдалы сапалы өнімдер жарияланса» дейді Руслан Қамбаров .

Қазақ халқының «Мал құлағы саңырау» дейтін ұлағатты ұғымының психологиялық мәнін де іздеп көрген едік. Психолог - логопед Бақытгүл Нұриддинова жаман ақпаратты бойға сіңіру адамның жан дүниесіне кері ықпал ететінін айтады.

«Адамдар жағымсыз сөздерді естіген сайын ол санасына жазылып қалады. Кез келген уақытта санаға жазылған теріс ақпарат адамның жан дүниесіне ықпал етіп, өзінде қайталануы мүмкін. Сол үшін адам үнемі жақсы сөздерді осы шақта айтып жүруі керек, жақсы ақпараттарды оқуға тырысуы керек. Кішкене ғана мысал, балаңызға «сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен мықтысың» деген сөздері айта беру баланы жетістікке жетелейді. Өйткені ол бойына сіңіп өседі. Керсінше «қолыңнан ештеңе келмейді» деп айтатын болсақ, ол баланы кері тартады. Сол секілді мүмкіндігінше балаларды жаман ақпараттан аулақ ұстағанымыз жөн. «Мал құлағы саңырау» дейтін қазақ ұстанымы ғылыми тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да үлкен маңызға ие. Бүгінгі таңда интернет желісі арқылы неше түлі ақпарат таралып жатады. Жағымсыз дүниелерді балаларымыз да көреді. Сондықтан ақпараттарды сүзгіден өткізе білуіміз керек. Өзіне керек дүниелерді ғана бойына сіңіргені жөн. Жағымсыз дүниелерден аулақ болу - адамның жан дүниесін таза ұстаудың жолы» дейді Бақытгүл Нұриддинова.

«Жаны саудың тәні сау» дейді халқымыз. Жаны таза ұлттың ары да таза болмақ. Ендеше кез келген ақпарат үлкенге де, балаға да қолжетімді болып тұрған бүгінгі таңда адамның жан дүниесін жаралайтын сапасыз контентті азайтудың маңызы өте зор .

Осы тұрғыда мемлекеттік деңгейде ақпарат айдынын, интернет әлемін үлкен сүзгіден өткізіп реттеп отыру болашақ дені сау ұрпақтың кепілі болмақ. «Мал құлағы саңырау» болса, адам жаны жаралы болмас еді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ризабек Нүсіпбекұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT