Мал қорымдарына бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны тексеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі елдегі мал қорымдарын күтіп ұстауға бөлінген қаржының қаншалықты орынды игерілгенін тексереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен өткен кеңесте айтты.

«Мал қорымдарының жағдайы бойынша үлкен мәселелер бар. Мысалы, Жезқазғандағы бір қорымды тексеру кезінде ғана көптеген заңбұзушылық анықталды. Қақпақтар ашық, мал мен аң, бөтен адамдар қорымға емін-еркін кіріп жүр. Бұлай болмауы керек. Ол үшін мемлекет жыл сайын ақша бөліп отыр. Бұл жерде екі мәселе болуы мүмкін. Әлде ақша толық бөлінбейді, әлде бөлінген ақша қорымға жетпей, қолды болады деген сөз», - деген Олжас Бектенов өңірлердегі агенттік департаменттеріне осы мәселе бойынша жан-жақты тексеру жүргізу туралы тапсырма берді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің аумақтық департаменттеріне қоғамдық қауымдастық өкілдерімен сөйлесе отырып, өңір-өңірдегі мал қорымдарына бөлінген қаржының жағдайын тексеру жүргізуді тапсырамын. Жеткілікті бөліне ме, жеткілікті бөлінсе, тиімді иегіріліп жатыр ма, діттеген жерге жетпей қалып жатқан жоқ па? Осы сауалдарға жауап іздеу керек», - деді агенттік өкілі.

Олжас Бектенов кеңес барысында Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында ауыл шаруашылық өнімдердің жабайы саудасы тыйылмай тұрғанын сынға алды. Бұл істің тұрғындар денсаулығына тікелей қатысты екенін еске салған агенттік өкілі өңірлерде өткізілетін жәрмеңкелердің де талапқа сай ұйымдастырылуына көңіл бөлу қажеттігін атады.

Соңғы жаңалықтар