Мал басын сәйкестендіруде чиптеу мен радиожиілік биркаларына көшу керек – Ерлан Барлыбаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы мал басын сәйкестендіру үшін чиптеуге, радиожиілік биркаларына көшу керек. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ерлан Барлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Эпизоотиялық салауаттылықтың және мал шаруашылығын дамытуды жоспарлаудың негізгі факторы жануарларды есепке алу болып саналады, ол жануарлардың заңсыз орын ауыстыруын, алып-сатудың көлеңкелі мәмілелерін болдырмайды. Сондықтан мал басын сапалы есепке алуды қамтамасыз ету ветеринарияны цифрландырудың стратегиялық міндеті болып отыр. Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша біраз мал басы Ауыл шаруашылығы жануарларының бірыңғай базасына енгізілмеді, соның салдарынан жем-шөппен қамтамасыз етуде баршаға белгілі проблема туындады. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінің деректер базасында ауыл шаруашылығы жануарлары мен олардың иелері бойынша мәліметтерді өзектілендіру қажет», - деді Е. Барлыбаев.

Бұл ретте депутат оларды сәйкестендіру үшін чиптеуге, радиожиілік биркаларына және басқа заманауи атрибуттарға көшу мәселесін қарау қажет.

«Ветеринария саласындағы цифрландыру ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар (диагностика, вакцинация, емдеу және т.б.), ветеринариялық препараттарды есепке алу және олардың айналымы жөніндегі ақпаратты да қамтуға тиіс. Бұл ретте, республика аумағының интернетпен толық қамтылмауын ескере отырып, тиісті ақпараттық жүйелердің дербес режимде жұмыс істеуін көздеу қажет», -деді ол.


Соңғы жаңалықтар