Мақтарал ауданында каналдар арналарынан тасып, үйлерді су басты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында  каналдардың тазаланбауы салдарынан үйлерді су басты. 

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтің  көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысуы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.


Аймақ басшысы тікұшақпен бірқатар аудандарды аралап шықты. Алдымен Мақтарал ауданына қонған Ж.Түймебаев тасқын зардаптарын жою бойынша құрылған штабтың есебін тыңдады.

Аудан әкімі Ғалымжан Исмаиловтың сөзінше, су басқан үйлердің аулалары толығымен тазартылған. Ал, мұндай жағдайдың орын алуына  Атакент кентіне жақын орналасқан мақталық алқаптарда жаппай сор шаю жұмыстарының жүргізілуі мен жерасты суларының көтерілуі және иесіз қалған каналдардың тазартылмауы себеп болыпты.


«Толассыз жауын-шашын салдарынан каналдар толып, сулар тұрғын үйлерге беттеген. Себебі, егістік алқаптар елді мекеннің айналасында орналасқан. Сонымен қатар, каналдар ішін шөп, қамыс, саз-балшық басып, тазаланбаған. Каналдың қорғаныс бөгеттерінің жағалауларының 1-2 шақырым жердегі топырағын   жергілікті тұрғындар   алып кетіп, құрылыстарға пайдаланған»,-деді аудан әкімі.

Осы ретте, аймақ басшысы қауіпсіздік шараларын сақтамаған каналдардың меншік иелеріне ескерту беруді және иесіз қалған каналдарды мемлекет меншігіне яғни, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді және оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жерасты суларын  реттеу мақсатында барлық дренаждардың жұмыс істеу қабілетін қайта қалпына келтіріп, олардың дұрыс деңгейде күтіп ұсталуын және пайдалануын қамтамасыз етуді жүктеді.


Мұнан соң, Ж.Түймебаев бастаған топ Шардара су қоймасын əуеден бақылап, Сырдария өзенінің аңғарын шолып шықты. Көксарай су реттегішінде жоғарыдан қарап шыққан соң Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар ауданы əкімдері, облыстық деңгейдегі сала жетекшілерінің қатысуымен  көшпелі жиын өткізді.

Онда өңір басшысы барша жауапты сала мамандарына төтеден келуі мүмкін тасқын суға сақадай сай болу қажеттігін ескертті.

Облыс аумағында қалыптасқан су тасқыны жағдайы туралы баяндаған өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов аймақтағы өзендер бойынша қазіргі жағдайды баяндады.


«Осы өзендерде тасқынның пайда болуына құм, тас алу бойынша карьер жұмыстары салдарын тигізуде. Өзендердің кез келген жерінен шынжыр табан техникалардың күндіз-түні шағал тастарды артуынан  қазіргі таңда облыстағы барлық өзендердің  арналары өзгеріп, ұлтаны бірнеше метрге отырған. Жағалаулары кемерлене шайылып, құзданып кеткен. Нәтижесінде жыл сайын   өзен бойындағы  елді мекендерге, автожол мен көпірлерге, жоғары қуатты электржүйелеріне, егістік жерлерге, мазараттарға және басқа да нысандарға қаупін тигізуде»,- деді Н.Дербісов.

Соңғы жаңалықтар