Мақтааралға тасқын сумен ағып келген балықтар жеуге жарамсыз – инспекция

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Сардоба су қоймасынан Мақтаарал ауданына ағып келген топан судағы балықтар жеуге жарамсыз. ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты «Республикалық ветеринариялық зертхана» мамандары осындай қорытынды шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зертхана мамандарының айтуынша, топан судағы балықтардың ішкі ағзасынан бактериялардың бірнеше түрі табылған.

«Біз 12 мамыр күні су басқан елдімекендердегі балықтың жарамдылығын анықтау мақсатында 4 дана балықты «Республикалық ветеринариялық зертханаға» жіберген болатынбыз. Бүгін қолымызға сараптама қорытындысы келіп түсті. Осы қорытындыға сай біз су басқан аумақтарда балық аулауға болмайтынын ескертеміз. Сонымен қатар, балық аулау фактілерінің тіркелмеуін қадағалаймыз», - деді Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай.

Осыған орай Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы сарқынды судағы балықты аулап, көзін жою жұмыстарын бастап кетті.

Сондай-ақ, халық арасында балықты аулауға және тұтынуға болмайтыны жөнінде насихат жұмыстары жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар