Мақтааралға дүнген мәдени орталығының қайырымдылық керуені келіп жетті

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданына Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданынан гуманитарлық көмек келіп жетті.

Қайырымдылық керуенін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастыңының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі жөнелтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 млн теңгенің гуманитарлық көмегі төтенше жағдай жөніндегі штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Еріктілер мен жауапты азаматтар 30 тоннаға жуық тауарды тұрғындарға үлестіріп беретін болады.

Айта кетейік, Жамбылдан жеткен көмектің ішінде 11 тонна ұн мен 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш пен 1,5 тонна макарон, 1500 литр өсімдік майы мен 5,3 тонна картоп, 500 келі пияз бен 300 келі тұз, 1000 қорап шәй мен тазалық заттары бар.

Осылайша, дүнген этносының өкілдері мақтааралдықтармен бірге екенін дәлелдеп, Мырзашөлдің тез еңсе тіктеуіне тілектес екендерін жеткізді. Керуенді бастап келген Қордай ауданы, Сортөбе ауылының әкімі Ілияс Буларов тұтас Қазақстан жұртшылығы бір халық ретінде жұдырықтай жұмылса, алынбас қамал жоқ екенін айтты.

Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қиын кезеңде жанашырлық танытып, ыстық ықыласын ала келген қордайлықтарға алғысын білдірді. Іс-шараны үйлестіріп, ұйымдастырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдеріне біртұтас қазақ елінің бірлігін нығайтатын бастамалар жалғасатынын мәлімдеді.



Соңғы жаңалықтар