Мақтааралдың су басқан елдімекендерінде инфрақұрылым жүйелері қайта қалпына келтірілуде

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданының су басқан елдімекендерінде инфрақұрылым жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда ауыз су, кәріз, электр, газ, байланыс, ағын су желілері салынып, абаттандырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, Фирдауси, Өргебас, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарында ауыз су жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен аудан әкімі Бақыт Асанов Мырзакенттегі инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын бақылап, орын алған кейбір кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге ескертулер жасады. 70 гектар аумақты алып жатқан аймақта 8 мердігер мекеме инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуде. Мұнан соң билік өкілдері Фирдауси және Өргебас ауылдарында болды. Фирдаусиде ауыз су желілері жаңартылып, ұңғыма қазылуда. Сонымен қатар су мұнарасы тұрғызылуда. Ал, Жеңіс, Жаңа-тұрмыс және Өргебас ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда. Атап айтқанда, су есептегіш құралдары толығымен ауыстырылып, санитарлық қорғау аймақтары және су есептегішке арналған қорғаныс жәшіктері қайта қалпына келтірілген. Сондай-ақ, су құбырларына дезинфекциялау жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарда 40,1 шақырымды құрайтын 27 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар