Мақтааралдық полицейлер әкелері өрттен қаза болған балаларға көмек көрсетті

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат –Түркістан облысы Мақтаарал ауданының полицейлері «Мектепке жол» қайырымдылық шарасын өткізді. Шалғай ауданның тәртіп сақшылары әкелері өрттен қаза болған азаматтың балаларына көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған шараға өңірдегі барлық аудан-қаладағы полиция бөлімдері атсалысуда. Соның ішінде «Жүректен жүрекке» ұраны аясында Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше отбасыға көмек қолын созды. Олар тілсіз жаудан баспанасынан айырылып, жаны қиналған жалғызбасты анаға жәрдем көрсетті. Өртте киім-кешектері толық өртеніп кеткен үш ұлына мектепке қажетті заттарын, мектеп формасы мен спорттық киімдерін алып берді. Одан бөлек, өртенген тұрғын үйді қалпына келтіріп, құрылыс жұмыстарына көмек беруге дайын екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде үш баласымен жалғыз қалған ана басына түскен қайғылы жағдайда ел болып көмек көрсетіп жүрген полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.

Еске салайық, төтенше жағдай ағымдағы жылдың 23 тамызы күні болды. Тұрғын үйден өрт шығып, отағасы үйде қалып қойған. Ол сыртқа шыға алмастан, жанып кеткен еді. Ал балалары үйді от шарпыған сәтте далада ойнап жүрген. Қазіргі таңда оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар