Мақтааралдық балалар Жамбыл облысында демалады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары Жамбыл облысында демалады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, биыл жазғы демалыс лагерьлері маусымның екінші жартысында жұмысын бастайды. Осы орайда 8,5 мыңнан астам бала ПТР-тест тапсыратын болады.

Аталған басқосуда баяндама жасаған облыстық білім Басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова мектеп жанындағы лагерьлерді ашпауды ұсынды. Мектепте оларды ұстау үшін қаражаттың тапшылығымен қатар, балалардың санитарлық нормаларды сақтауында қосымша проблемалар туындауы мүмкін.

«Облыста бар-жоғы 11 балалар лагері бар. Бұл - өте аз. Жаңа лагерлер ашатын боламыз. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен балалардың демалысын ұйымдастыруды міндетті түрде қолға аламыз.

Біздің балаларды Қазақстанның басқа өңірлеріне тұрақты түрде демалуға жіберіп отыру керек. Сонда олар өз қатарластарымен араласып, елімізді тереңірек тани түседі», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жиында аймақтағы 442 мектептің 5-еуі апаттық жағдайда екендігі айтылды. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылдан бастап Қордай ауданында бір және Шу ауданында екі мектептің құрылысы жүргізілуде.

Үш ауысымды тоғыз мектептің жай-күйі бойынша 2021 жылға айрықша басымдық берілуде. Келер жылы бірден мұндай алты мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. 41,5 мың мектеп жиһаздарын ауыстыру үшін 749,3 млн. теңге қажет десек, Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте тақталар мен парталарды ауыстыруға көңіл бөлуді тапсырды. Мұндай шараға нысандарды салатын компаниялар да атсалысуы тиіс.

«Қашықтан оқытудың жаңа түрлерін белсенді енгізу қажет. Бұл әсіресе мүгедек балалар үшін маңызды. Барлық мектептерде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізуі, өз түлектерімен байланысты нығайтуы қажет. Жабдықталған дәретханалар мен бейнекамералардың жиынтығы әрбір мектепте болуы керек, бұл Үкіметтің тапсырмасы. Оқу орындарының сыртқы көрінісін, қоршауларын реттке келтіріп, іргелес жатқан аумақты абаттандыруға ден қойған дұрыс», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар