Мақтааралдық балалар Алматы облысы мен Төлеби ауданындағы лагерьлерде демалады

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерде тұратын оқушылар жазғы каникулды тиімді өткізетін болды. Бес ауылдағы 1210 оқушы Алматы облысы мен Төлеби ауданындағы лагерьлерде демалады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, балалар Қапшағай қаласындағы «Балдәурен-Қапшағай» оқу-сауықтыру лагеріне 15 күндік демалысқа жіберілмек.

Аталған орталықта 706 оқушы үш кезеңмен тынығады. Оның 250-і күні кеше жолға шығып, лагерьге аттанып кетті.

Ал, 504 оқушы жазғы демалысын Түркістан облысының Төлеби ауданында орналасқан лагерьде өткізеді. Бастауыш сыныптың 200 оқушысы және оларға бас-көз болатын 15 мұғалім мен медбике «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауықтыру орталығына жолға шығып кетті.

Жеткіншектер демалыс орындарында қосымша сабақ та оқитын болады. Бұл шаралар өз кезегінде мектеп жасындағы балалардың уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған.

Сонымен қатар олардың жаңа достар тауып, тынығып қайтуына септігін тигізбек.


Соңғы жаңалықтар