Мақтааралдық 250 оқушыға оқу құралдары тарту етілді

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында «Мектепке жол» акциясы аясында 250 оқушыға оқу құралдары тарту етілді. Бас демеуші болған компания өкілдері жеткіншектерге мектеп сөмкесі мен киім-кешек алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған қайырымдылық шарасы аз қамтылған және көпбалалы отбасы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Жиын барысында аудан әкімі Бақыт Асанов оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, оларға оқу құралдары салынған мектеп сөмекелерін табыстады.

«Еліміздегі әрбір бала бақытты болуға лайық. Қатарынан қалдырмай, болашағы үшін білім алуына жағдай жасау - акцияның негізгі мақсаты. Сондықтан, ауданымыздың барша қайырымды тұрғындарын «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына жұмыла көмек беруге шақырамын» - деді Бақыт Асанов.

Мұнан соң «Helios» компаниясының директоры Мақпал Ақбаева мұндай қайырымдылық шаралары өзі басқаратын мекеме тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатынын атап өтті.

Жалпы «Мектепке жол» акциясы ауданның барлық кенттері мен елді мекендерінде, білім мекемелерінде өткізілуде. Қазіргі таңда аталған шара аясында 3 мыңнан аса оқушыға түрлі көмек көрсетілді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында 1-11 сынып аралығында 27374 оқушы білім алады деп жоспарланған. Жаңа оқу жылын бастауға білім ұялары толық дайын.

Соңғы жаңалықтар