Мақтааралдағы су басқан ауылдардан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілді

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су басқан елдімекендерден тұрғындарды көшіруге 450 полицей жұмылдырылды. Халықты эвакуациялау үшін Мақтаарал, Жетісай және Сарыағаш АПБ жеке құрамы мен Ұлттық ұланнан 250 әскери атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Мырзакент кентіндегі №4 мектепте 2200 адамға арналған эвакопункт дайындалған. Техногендік төтенше жағдай орын алған аумаққа Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков те арнайы келді.

Қазіргі уақытта оқиға орнынан 5400 тұрғын эвакуацияланған. Кейбіреулері өздері көшіп, басқаларға көмек көрсеткен. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіп, басқа да қажетті шаралар қабылдауда.


Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су төгіліп, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» авомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда.

Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр.


Соңғы жаңалықтар