Мақтааралдағы бетон зауыты айына 25-30 млн теңгенің өнімін өндіреді

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында айына 25-30 миллион теңгенің дайын өнімін шығаратын бетон зауыты жұмыс істеуде. Өндіріс орны ағын су жүйелерін салу мен оларға қажетті құралдар жасап, газ желілеріне және түрлі мекемелер мен жеке тұлғалардың тапсырысы бойынша темір-бетондар шығаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шолпан Дүйсенбина басшылық ететін «Ғибрат Құрылыс» ЖШС жобалық құны 115 миллион теңгенің тапсырысын қабылдаған. Бүгінде зауыттағы алып қондырғы сағатына 60 текше дайын бетон шығаруға қауқарлы.

«Сол қондырғының арқасында 4 түрлі өнім жасай аламыз. Өзімізге қажетті шикізаттың барлығын Шымкенттен алдырамыз. Себебі, жеткізушілерімізбен талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, олар бізге тек сапалы өнім жібереді», - дейді кәсіпорынның инженер-технологы Әбдірахман Қарабеков.

57 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында орташа жалақы - 130 мың теңге. Жұмысшылар ыстық тамақпен, жатын орынмен толық қамтылған. Ай сайын орта есеппен 25-30 миллион теңгенің өнімін шығаратын кәсіпорын басшылығы сұраныс пен ұсынысқа қарай өнім көлемін арттыруға қауқарлы.

Мұнан бөлек, ауданда қондырғылардың барлық функциясы бір тетіктен басқарылатын «Sоldatos» асфальт-бетон зауыты ашылған. Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын Грекия мемлекеті инвестициясының арқасында іске қосылған. Өндіріс орны тәулігіне 1000 тонна асфальт-бетон өнімдерін шығара алады. Жобалық құны 300 миллион теңгені құрайтын зауытта 30 адам тұрақты  жұмыспен қамтылып отыр.

Соңғы жаңалықтар