Мақтааралда жеке кәсіпкер аз қамтылған отбасыларға 700 қап ұн жеткізіп берді
2020 жылғы 11 сәуір 23:37

Мақтааралда жеке кәсіпкер аз қамтылған отбасыларға 700 қап ұн жеткізіп берді

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында кәсіпкерлері белсенділік танытып, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға түрлі көмектер көрсетуді жалғастыруда. Атакент кентінде тұратын жеке кәсіпкер Нұржан Тоқжігітов 700 қап ұнды мұқтаж жандарға тегін тарату үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қоймасына жеткізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта ұнды тарату үшін кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталуда. Жалпы салмағы 17,5 тоннаны құрайтын ұн аудандағы 2 кент пен 9 ауылдық округтегі аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға берілетін болады. Бұған дейін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан бағаны тұрақтандыру мақсатында бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жасалып, дүкендерде 8500 теңгеден сатылған бірінші сұрыпты «Пионер» ұны 7700 теңгеге түсірілген еді. Бұл игі шараға да меценат-кәсіпкер Нұржан Ермаханұлы ықпал етіп, жерлестері үшін үлкен көмегін тигізді.

«Елімізде төтенше жағдай туындаған қиын-қыстау кезеңде жерлестері үшін 700 қап ұнды тегін бере салу көп жомарт жандардың қолынан келе бермейтін үлкен іс. Жеке кәсіпкер Нұржан Тоқжігітов қиын кеезеңде қарапайым халыққа қол ұшын созып, қолдау көрсетті», - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов.

Айта кетейік, өңірде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан арнайы қойма дайындалды. Онда ұннан бөлек, макарон, май, қарақұмық, құмшекер сияқты ең қажетті азық-түліктердің қоры жинақталуда.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT