Мақтааралда жазушы Сабырбек Олжабайдың шығармашылық кеші өтті

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында белгілі жазушы, драматург, сатирик, кәсіби журналист Сабырбек Олжабайдың шығармашылық кеші өтті. Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, шығармашылық иесін шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сабырбек Дәніқұлұлы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Мақтаарал ауданы бойынша меншікті тілшісі ретінде үлкен жұмыстар атқарды. Ол тек журналистика майталманы ғана емес, жазушылық қырынан да жақсы танылған қаламгер. Жарық көрген кітаптары мен еңбектері оқырман тарапынан лайықты бағасын алып үлгерген. Драматургия, проза, сатира жанрларында да жасаған еңбектері жұртшылыққа кеңінен танымал», - деді аудан әкімі.

Кеш барысында жазушының шеберлігі туралы замандастары мен қаламдастары сыр шертісіп, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосып жатқан жоғары үлесі туралы әңгімелер айтылды. Сондай-ақ, сатириктің шығармаларынан көріністер қойылып, монологтар оқылды.

Айта кетейік, Сабырбек Олжабай - 2005 жылғы «Облыстың үздік жазушысы» номинациясының, ҚР Жазушылар Одағының облыстық филиалы белгілеген «С.Адамбеков атындағы сыйлықтың» лауреаты. Қоғам және мемлекет қайраткері Т. Рысқұловтың туғанына 110 жыл толуына орай өткізілген «Тарих. Тағылым. Тұлға» атты республикалық байқаудың 1 орын иегері, 2006 жылғы Оңтүстік Қазақстан Журналистер Одағы тағайындаған «Юрий Кунгурцев атындағы бәйгенің» лауреаты. 2013 жылғы «Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлығының» лауреаты болған. Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ТҮРКСОЙ құрмет грамотасының иегері, Қазақстанның құрметті журналисті, қазақ журналистикасының қайраткері атанған азамат.

Соңғы жаңалықтар