Мақтааралда зардап шеккен бірде-бір тұрғын көмектен тыс қалмайды - Сәкен Қалқаманов

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғын көмектен шет қалмайды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кезекті брифинг барысында қазіргі ахуалды баяндап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ағын судан келген шығын түгел есептеледі. Содан кейін ғана Үкімет пен облыстық резервтен қаржы бөлініп, тұрғындарға төленеді. Ал, төтенше жағдайды пайдаланып, жалған ақпарат таратушылар мен алаяқтық жасағандардың ісімен полиция айналысады.

«Қазіргі таңда көптеген азаматтар өздеріне жалған танымалдылық жасап алғысы келеді. Ондай азаматтардың мақсаты да белгілі. Біз мұндай мәліметтерді полицияға жолдап жатырмыз. Мәселен, бізге жаңа ғана мақтааралдықтарға көмек көрсету үшін бір азаматтың каспи голдпен есепшот ашқаны туралы хабар келіп түсті. Біз бұл мәліметті полиция мен прокуратураға жолдадық. Тергеу жүргізілетін болады. Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқан кез-келген азамат әкімшілік және басқа да жазаларға тартылатын болады», - деді Сәкен Қалқаманов.

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев зардап шегушілерге көрсетіліп жатқан көмек барысын айтып өтті. Ол ауданда ашылған 22 эвакуациялық пункте тұрғындардың ыстық тамақпен және қажетті жағдаймен қамтамасыз етіліп отырғанын жеткізді. Жаңадан ашылған көмек қоры туралы түсіндіріп кетті.

«Бүгінде мақтаралдықтарға көмек көрсету үшін арнайы қор ашылған. Ондағы қаражаттардың дұрыс жұмсалуы арнайы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдардың белсенділері қосымша бақылайтын болады. Сондай-ақ, заттай немесе киім-кешекпен көмектесемін деушілер үшін Асықата кентінде арнайы қойма ашылған. Онда Nur Otan партиясының жергілікті белсенділері мен ақсақалдар қауымы, жанашыр азаматтар қоғамдық негізде қызмет атқаратын болады. Олар барлық бөлінген заттарды қоғамдық негізде қадағалау жүргізеді. Барлық жұмыс ашық ұйымдастырылады»,- дейді Бейсенбай Тәжібаев.

Соңғы жаңалықтар