Мақтааралда волонтерлер тіккен маска тегін таратылып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қауіпті індеттің алдын алуға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейді. Жағдайды пайдаланып кейбір әккілер қыруар пайда табуға ұмтылса, еріктілер бетперде тігуді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мырзакент кентінде орналасқан бөбекжай балабақшасының құрылтайшысы Әдемау Шәріпқызы мен өзге мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінен құрылған волонтерлер тобы бетперде шығара бастады. Аудан әкімдігінің үйлестіруімен қолға алынған шараға ауданның ерікті жастары да атсалысуда. 40-қа тарта қыз-келіншек екі ауысымда жұмыс істеп, тәулігіне 2000 дана маска тігуде.

Жергілікті кәсіпкер Әдемау Әбдіманапованың қаржысына тігіліп жатқан медициналық масканы аудан әкімдігі арзан бағада сатып алып, тұрғындарға тегін таратуда. Кәсіпкердің мұндай әрекетке баруына елдегі жағдайға байланысты бетпердеге деген сұраныстың артуы, тапшылығы себеп болған.

«Елдегі карантинге байланысты кейбір пысықайлар жағдайды пайдаланып, маска бағасын қымбаттатып отыр. Сол арқылы пайда табуды көздеуде. Осындай қиын сәтте қолынан іс келетін әріптестерім мен жастардың басын қосып, маска тігуді қолға алдық. Қиын-қыстау сәтте қолымыздан келетін іспен айналысып, елге пайдамыздық тигізсек дейміз»,- дейді Әдемау Әбдіманапова.

Кәсіпкердің игі бастамасына ризашылығын білдірген Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов алдағы уақытта кәсіпкерге жан-жақты қолдау білдіретінін, маска тігуге қажетті заттармен қамтуда ешқандай қиындық болмайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар