Мақтааралда трактор тіркемесін шығаратын зауыт іске қосылды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жылына 70 трактор тіркемесін шығаратын зауыт іске қосылды. Мемлекеттік грантпен ауданда салынған зауыттың ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов пен еліміздің түрлі өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, көршілес аудандардың кәсіпкерлері мен шаруалары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға қатысушылар заманауи үлгідегі жаңа тіркемелердің жасалу процесін көріп, құрастыру цехтарын аралап, зауыт жұмысымен танысты. Онда зауыт қожайыны Нұрлан Нұрбеков мемлекеттен 225 миллион теңге грант жеңіп алғанын әрі өз идеясының халыққа тиімді екенін баяндап өтті. Сол арқылы аграрлы аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздегенін атап өтті. Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы да қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызы, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқанын айтты.

«Тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызының пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні айдан анық. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекет тарапынан техника жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз» - деді аудан әкімі Бақыт Асанов.null

Бүгінде шағын зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 3D қондырғылардың арқасында қажетті торлы сымдар мен қаңылтыр жасап шығарылып, көлемі 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылуда. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті соқалар мен тырмаларға және тағы да басқа техникаларға қажетті қосалқы бөлшектерді жасау үшін де шетелден әкелінген қондырғылардың пайдасы зор.

Зауыт басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр. Енді шағын зауыттың арқасында ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге болады.

null null null

Соңғы жаңалықтар