Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккендерге 500 волонтер көмектесіп жүр

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге 500 волонтер көмектесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Мақтаарал ауданында жұмыс істеп жүрген еріктілермен кездесті. Олар басқосуда волонтерлердің жұмысымен танысып, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды түсіндірді.

Ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жастар орталығының жанынан «Біргеміз, Мақтаарал» волонтерлер штабы құрылған. Штаб жетекшісі - «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Амалбек Өміртай.

«Мақтаарал ауданындағы тасқын су салдарынан қиын жағдайда қалған ауыл азаматтарына көмектесу және төтенше жағдайдан келген зардаптарды жою жұмыстарына жалпы 500-дей ерікті атсалысуда. Оның 150-ге жуығы тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Еріктілер Жамбыл ауылдық округіндегі №36 жалпы орта мектебіне жайғастырылып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Қазіргі таңда волонтерлар облыстық төтенше жағдай штабы тарапынан ұйымдастырылған барлық жұмыстарға атсалысуда. Атап айтқанда, тасқын суда қалған ауыл азаматтарын эвакуациялық бекеттерге орналастыру, гуманитарлық көмекке келген тауарды тасымалдау, мұқтаж азаматтарға үлестіру сияқты шаруаларды атқаруда», – деді А.Өміртай.

Аудандағы ауылдарды тасқын су басуына байланысты жалпы 31 мыңнан астам азамат қауіпсіз аймаққа эвакуацияланса, бұл жұмыста да еріктілердің үлесі бар.

«Волонтерлік жұмыстарға «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері де белсене қатысуда. Еріктілер эвакуациялық бекеттерде күш құрылымдарының шаруасына да көмектесіп жатыр. Төтенше жағдай орын алған алғашқы күндерде жергілікті ауыл жастарынан ұйымдастырылған волонтерлық топтар 12 шақырым қорғаныс бөгеттерін тұрғызуға атсалысты. Сонымен қатар, олар мәдениет, қоғам қайраткерлерімен бірігіп, тұрғындарды сабырға шақыру жұмыстарына да белсене араласуда», – дейді облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман.

Бұдан бөлек, Шымкент, Нур-Султан, Алматы қалаларының жастары мен волонтерлық ұйымдардан, республикалық «Jas Otan» жастар қанатынан гуманитарлық көмектер келуде. Бүгінгі таңда волонтерлердің күшімен 10 мыңнан астам медициналық маска мен антисептикалық құрал таратып берілді.


Соңғы жаңалықтар