Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен егістік алқаптары қайта жайқалды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Тасқын судан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарында 3,4 мың га жер қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Ол аумаққа атап айтқанда, мақта, бақша өнімдері мен жүгері, күріш егіліп, жұмыстар жалғасуда.

Айта кетейік, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуынан аймақта 11 елдімекенде 1031 тауар өндірушінің 5,9 мың га егістік алқабы зардап шеккен болатын.

Ауылшаруашылығы саласы мамандарының қатысуымен жасалған есепке сәйкес, жалпы шығын көлемі - 1,142 млрд теңге.

Келген шығын көлемі «Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС тарапынан ұсынылған технологиялық карта негізінде 1 га егістің шығыны мен өткен жылы алынған өнімнің 1 кг-на нақтыланған статистикалық баға негізінде есептеліп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Үкіметтің қарауына ұсынған.

Төтенше жағдай зардабын залалсыздандыруға Өзбекстан Республикасынан 43 ауыл шаруашылығы техникасы мен 243,6 тонна тұқымдық шиіт жеткізілген.

Сонымен қатар, шығынға ұшыраған тауар өндірушілерге 1,2 млрд теңге өтемақы төленді.

Аумақта ветеринариялық қауіпсіздік сақтала отырып, ауыл шаруашылығы аумақтары толығымен залалсыздандырылды.


Соңғы жаңалықтар