Мақтааралда су тасқыны кезінде көмектескен волонтер сарбаздар марапатталды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде аянбай қызмет еткен бір топ ерікті әскери аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қысылтаяң шақта жанашырлықпен елге қызмет көрсеткен азаматтарға алғысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауданда карантин режимі кезінде 1 санитарлық және 4 блокпост құрылған. Сол бекеттерге өз еркімен келген 12 әскери тік тұрып қызмет көрсеткен.

«Мемлекет басшысы «Әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы» жарлығын шығарып, ауданымыздың қорғаныс істері жөніндегі бөлімі тарапынан азаматтарды қоғамдық жұмыстарға шақыру істері ұйымдастырылған болатын. Сол ерікті әскери міндетті азаматтар ретінде шақырту тізіміне іліккен болатын. Сондан бері карантиндік режимге байланысты тиісті шаралардың атқарылуына аянбай атсалыстыңыздар. Сол үшін де сіздерге мың да бір алғыс айтқым келеді», – деді аудан әкімінің орынбасары.


Сондай-ақ, бұл азаматтар Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы жарылып, топан судан қауіп төнген ауыл тұрғындарын эвакуациялауға көмектескен болатын. Ерікті сарбаздар бұл әрекетін азаматтық парыз санайды.

«Біз жалпы бір ай ерікті ретінде жұмыс істедік. Алғашқы 10 күн бекеттегі қауіпсіздікті күзетсек, кейінгі 20 күн топан судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетумен және орталықтандырылған қоймада тауар тасумен айналыстық. Бүгін осынау еткен еңбегіміз ескеріліп, марапатталып жатырмыз. Біз халықтың пайдасына жұмыс істеуді жалғастыра беруге қашанда дайынбыз», – дейді ерікті сабаздың бірі Арман Даербеков.


Соңғы жаңалықтар