Мақтааралда сарбаздар өртенген көлік ішінде қалған жүргізушіні құтқарды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданында сарбаздар өртенген көлік ішінде қалған жүргізушіні құтқарды. Техногендік апат салдарын жоюға келген әскерилер осылайша күнделікті жергілікті тұрғындарға қолғабыс етіп келеді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Шымкент қаласының 6506 әскери бөлімі қызметкерлерінен құралған жасақ таңғы 4-5 шамасында Мырзакент ауылында патрульде жүріп, тұрғын үйлердің бірінен газ баллонының жарылғанына куә болады. Олар тез арада өрт басталған үйдің есігін ашып, ішіне кірген. Алайда үй иесінің жоқтығын көріп, көршілеріне хабар береді. Кезекші аға лейтенант Серік Құдайбергенов өрт болған жерге учаскелік полиция қызметкерін және өрт сөндірушілер командасын шақыртады. Тілсіз жау ауыздықталды. Бұл сарбаздардың күнделікті басынан өткізіп жатқан оқиғалардың бір парасы ғана. Ал, ұзынағаштық 28237 әскери бөлімінің жедел механизацияланған жасағының сарбаздары газ құрылғысымен жабдықталған Мерседес автокөлігінен өрт шыққанын байқаған. Олар көлік ішінде қалған жүргізушіні шұғыл шығарып үлгерген. Осындай әрекеттің арқасында көлік иесі зардап шеккен жоқ. Бұл бейтіт күннің батырлары – майор Жұмабеков Бауыржан және қатардағы жауынгер Нури Бағлан.

Атап өтейік, қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы су басқан аймақта апаттың салдарын жоюға 1626 адам жұмылдырылып, 324 техника мен 17 қайық, 217 мотопомпа пайдаланылуда.


Соңғы жаңалықтар