Мақтааралда мүгедек балаларды оңалту орталығы ашылды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Конституция күні қарсаңында Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде «Үміт бер» атты мүгедек балаларды оңалту орталығы ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімінің кеңесшісі Мұрат Айдарбеков қатысып, жиынға қатысушыларды арнайы құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан ашылған орталықта науқас балалардың сауығып кетуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, емдік дене шынықтыру бөлмесі балғындардың сал болып қалған аяқ-қолдарын жазып, қалыпты жағдайға түсуіне мүмкіндік береді. Ал, монтессори педагогикасы науқастардың үй жағдайына бейімделуіне көмектеседі. Орталықта музыка, ойын терапиялары бар, асханасы да заманауи жабдықталған. Сондай-ақ, мүгедек балаларды әлеуметтік ортаға қосу, психикалық дене мүмкіндігі деңгейінде қоғамдық өмірге араластыру мақсатында тиісті мамандар жұмыс жүргізетін болады.

Салтанатты шараға қатысқан қонақтар денешынықтыру және балалардың бос уақытын ұйымдастыру бөлмелерін аралап көрді. Айта кету керек, денешынықтыру бөлігі жаттығу құралдары, ойыншықтар, жұмсақ ойын модульдерімен, баланың шығармашылығын дамытуға арналған бейнелеу студиясымен қамтылған.

«Бұл дегеніміз - ауданымыздағы ешбір мүгедек бала ескерусіз, қолдаусыз, қамқорлықсыз қалмайды деген сөз. Себебі, ауданымыздағы әлеуметтік қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жанданып келеді. Оған дәлел - осы орталықтың ашылуы. Сондықтан, сіздер үмітті ақтап, сабақты жақсы оқиды, үлгілі де тәртіпті бала боп өседі деген сенім мол» - деді М.Айдарбеков.

Аудандағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында бұған дейін екі мүгедек балалар орталығы қызмет көрсетіп келді. Сол орталықтарда бір жылда 100-ге жуық бала денсаулықтарын оңалтуға мүмкіндік алды. Міне, бүгін жаңадан ашылған «Үміт бер» мүгедек балалар орталығы тағы 100 мүмкіндігі шектеулі балаға тиісті қызметтерді көрсетуге қауқарлы.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында 4321 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 167-сі - 18 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға аудан әкімдігі тарапынан түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, балаларға 35 әлеуметтік қызметкер бөлінген.

Соңғы жаңалықтар