Мақтааралда әнші Гауһар Әлімбекованың концерті өтті

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Әнші Гауһар Әлімбекова өзінің туған жері Мақтаарал ауданының «Достық» мәдениет үйінде шығармашылық концертін өткізді. Мәдени іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, әншіге деген жылы лебізін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығармашылық кеште Бейсенбай Төребеков құттықтау сөз сөйлеп, өнер адамына деген ел ықыласын жеткізді. Әншіні арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпатын табыстады.

«Гауһар лириканы жақсы көреді. Оның мұңға толы ғажайып әндері тыңдарманын елітпей қоймайды. Сезімге толы сыршыл әндер Гауһардың қазақ сахнасындағы өзіндік орнын, ән әлеміндегі өзіндік мәнерін қалыптастырды. Сондықтан, біз жерлестері, әнші қарындасымызбен қашанда мақтанамыз» - деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Айта кетейік, әнші-сазгер Гауһар Әлімбекова 1971 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Ол гитарада ойнауды 9-сыныпта оқып жүргенде үйренген. Ең алғаш шығарған әні «Сағыныш сазы» деп аталады. Алғаш рет Гауһар жас сазгерлердің «Үкілі үміт» байқауында көзге түсіп, Исраил Сапарбай, Секен Тұрысбеков, Мұрат Құсайынов ағаларының батасын алды.

Оның репертуарындағы әндердің барлығы дерлік – өз туындылары. Ел арасында Гауһардың «Ақ босаға», «Келінге өсиет», «Оралшы, махаббат», «Көктемге хат», «Перзент сыры», «Көктемгі жаңбыр», «Қыз сезімі» сияқты әндері ерекше танымал. Әсіресе, «Ақ босаға» мен «Келінге өсиет» кез келген тойда шырқалар хит әнге айналды. Сондай-ақ, «Оралшы, махаббат» – басқалардан кейінірек жарыққа шықса да, халыққа бірден танылған ерекше ән.

Соңғы жаңалықтар