Мақтааралда 360-қа жуық үйдің құрылысы толығымен аяқталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Мақтааралда 360-қа жуық үйдің құрылысы толығымен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында топан судан зардап шеккен елдімекендерді қалпына келтіру мақсатында 895 үй қайта салынып жатыр. Қазіргі таңда 360-қа жуық үйдің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Қалған баспаналардың қабырғалары қаланып, шатыры жабылып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев ауданға арнайы іс-сапармен барып, атқарылып жатқан жұмыспен танысты.
«Жалпы ауданда салынып жатқан 895 үйдің 195-сі Өргебас, 314-і Фирдауси ауылдарында, 386-сы Мырзакентте бой көтеруде. Бүгінде Өргебаста 44, Фирдауси елдімекенінде 88, Мырзакент кентінде 227 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша барлық үй қазан айының соңына дейін толығымен салынып бітуі керек», – деді Мейіржан Мырзалиев.
Өргебас және Фирдауси тұрғындары баспанасын мемлекеттің қолдауымен өздері салып жатыр. Үйдің құрылыс жұмысына кететін қаражат 3 кезең бойынша берілді.


«Өздеріңіз көріп отырғандай су жаңа үйге ие болып, қуанып отырмыз. Мемлекет тарапынан, қоғамдық қорлардан және халықтан көптеген түрлі көмек берілді. Мәселен, әрбір отбасыға 1 мың АҚШ долларын, әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден алдық. Үйдің құрылысына кеткен қаржы да түгелдей өтемақы ретінде берілді. Одан бөлек, кейбір құрылыс материалы да тегін жеткізілді», – деді тиісті төлемақысын уақтылы алып, жаңа үйге кірген Өргебас ауылының тұрғыны Гүлсара Ештаева.


Ал, Мырзакент кентіндегі бірдей үлгіде салынып жатқан 386 үйдің 196-сы Үкімет резервінен, 190-ы қоғамдық қорлардың есебінен жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жаңадан құрылған мөлтекауданда мектеп, балабақша, медициналық амбулатория және полиция пункті салынып жатыр.
Соңғы жаңалықтар