Мақтаарал шекаралық теміржол бекетінің жұмыс істеуін тезірек шешу қажет - Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда Мақтаарал шекаралық теміржол бекетінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тезірек шешу қажеттігін атап өтті.

Сауал барысында Қ. Айтаханов осыған дейін екі мәрте Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы «Мақтаарал» теміржол бекетінің жабылып қалуына байланысты депутаттық сауалдар жолдағанын айтты. Осыған орай, депутат Қазақстан-Өзбекстан арасында аталған мәселе жөнінде келіссөз жүргізу туралы жұмыстары атқарылып жатқаны туралы жауап алады.

«Алайда, арада бірнеше уақыт өтсе де, аталған мәселе өз шешімін таппай отыр. Нәтижеде, еліміздің қиыр оңтүстігінде орналасқан 300 мың халқы бар Мақтаарал ауданына қажетті азық-түлік, отын, құрылыс, жанар-жағармай т.б. керекті материалдарды жеткізуде және ондаған мың тонна мақта талшығын экспортқа шығаруда және басқа да тауарларды тасуда қиыншылықтар туындауда. Сондықтан да, мәселені жылдамырақ шешу үшін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Үкіметтерінің арасындағы мемлекеттік шекаралық өткізу бекеті туралы келісімде және хаттамада бекітілген теміржол өткізу бекеттері тізіміне Мақтаарал теміржол бекетін енгізуді және осы шекаралық теміржол бекетінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тезірек шешуге ықпал етуіңізді сұранамын», деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар