Мақтаарал ауданының үздік диқандары марапатталды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанының аяқталуына арналған «Алтын күз-2019» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты кеште сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов 10 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 29 миллиард теңгеден асқанын атап өтті.

Өңір басшысы саладағы кез келген өнім түрінен өсім байқалғанын тілге тиек етіп, ол үшін жаздың аптап ыстығына, қыстың ызғарлы суығына қарамай еңбек еткен шаруалар мен диқандар қауымына алғысын жеткізді. Сонымен қатар, әр өнім бойынша үздік нәтиже көрсеткен озаттарды арнайы дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

«Өткен жылы ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал, бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 100 мың тоннаға жуық ақ алтын жиналып, былтырғыдан қарағанда көрсеткіш едәуір өсіп отыр»,- деді аудан әкімі.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл мақтааралдық диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында бақша дақылдарынан 291 363 тонна өнім өндірілген.

Аудан диқандары биыл 46 132 тонна көкөніс, 62 775 тонна мал азықтық дақылдарды, 234 тонна бидай, 667 тонна жеміс-жидек, 9 450 тонна күріш, 299 тонна маш, 957 тонна жүзім өндіріп, оның басым көпшілігін экспортқа шығарған.

Соңғы жаңалықтар