Максим Рожин ассамблеяның медиаплатформасын құруды ұсынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын медиаалаңда белсенді насихаттауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өз басым осы Жолдаудан алдағы уақытта жаңа Қазақстан ұлттық мүддеге негізделетінін жақсы түсіндім. Ұлттық мүддеге негізделетін әр қадамымыз жаңа Қазақстанды құрады. Бұл мақсаттағы әр қадамымыз байыппен, асығыстық танытпай, бірлікте жасалуы керек. Бүгін ұсыныстар көп айтылып жатыр. Медиа саласының маманы болғандықтан менде де бір жақсы ұсыныс бар. Ассамблеяға әр түрлі сын айтылып жүр. Соның ішінде ассамблеяға өзінің атқарған жұмысын көбірек ашып көрсету керек сияқты. «ҚХА-медиа» форматында достықты нығайтуға мән беріп, «Президент Жолдауын қалай іске асыруға болады» деген тақырыпқа жастарды да жұмылдыру керек. Осы бағыттағы жобаларды жандандыру керек сияқты. Медиасалаға қатысы бар жастар осыған белсене араласады деген сенімдемін», - деді ол Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси кеңесінде.

Бұл ұсынысты Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева қолдады.

«Бүгін Максим Рожин өз сөзінде ұлттық мүдде туралы түйіскен жерде ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім, бақуат болады. Сол үшін күнделікті жұмыс істеп, бар күшімізді салып жүрміз. Бүгінгі айтылған ұсыныстар азаматтарымыздың әл-ауқатына ықпал етеді. Жолдаудың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін түсіну өте маңызды. Бұл әрқайсымызға байланысты. Бүгінгі сындарлы диалогтың арқасында нақты ұсыныстар айтылып жатыр. Жолдаудың бүкіл тезистерін ескере отырып, ассамблеядағы барлық құрылымдық бөлімшелер жұмысының үлгілік жоспарын бірлесіп жасағанымыз маңызды деп ойлаймын. Мен Максим Рожиннің Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаплатформасын құру туралы ұсынысын толығымен қолдаймын. Өйткені Ассамблеяның институттары атқаратын ауқымды жұмысты көрсету маңызды», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар