Мақсатқа жету үшін бірлік қажет - Қызылорда облысының ұлт өкілдері

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы активінің отырысы өтті. Онда ҚХА-ның XXVII сессиясында қаралған мәселелер таразыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова 29 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Ассамблеяның ХХVІІ сессиясында талқыланған мәселелерге кеңінен тоқталды.

«Сессияға еліміздің барлық өңірінен 1300-ге жуық делегат келген. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Германия елдерінен қонақтар арнайы қатысты. Аталмыш шара барысында еліміздегі кеңінен қанат жайған достық, татулық, бірлік жайында келелі әңгімелер қозғалды», - деді Ләйлә Төрешова.

Сондай-ақ, шара барысында облыстық «Славяне» мәдени бірлестігінің басшысы Галина Щербакова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жетекшісі Нұрсәуле Мұсаева, облыстық «Қазақстан корейлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Елена Ким, облыстық «Қазақстандағы орыстар қауымы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Владимир Толоконников, облыстық неміс этно-мәдени бірлестігінің басшысы Ирина Шек өз пікірлерін білдірді.

«Бүгінде елімізде көптеген іргелі істер жүзеге асты. Тәуелсіздік туын биік еткен ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан әлемдегі озық мемлекеттер қатарына қосылды. Алдағы уақытта да атқаратын істер аз емес. Сол арман-мақсатты орындау жолында тынбай тер төгу - бәріміздің міндетіміз. Ол үшін әрдайым достық пен татулық, бірлік пен бейбітшілік болуы тиіс. Біз осы мақсатта жұмыла іс атқарғанымыз жөн», - деді облыстық татар этно-мәдени орталығының басшысы Ғалия Гизаттулина.

Отырысқа қатысушылар ҚХА-ның XXVII сессиясында қаралған мәселелерді кеңінен талқылап, өз ой-пікірлерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар