Макроэкономикалық жағдай әлем нарығындағы құбылмалылықтың артуымен дамып келеді - ҰБ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі макроэкономикалық жағдай геосаяси ахуалдың нашарлауымен, әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылықтың артуымен дамып келеді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарау барысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл макроэкономикалық жағдай геосаяси ахуалдың нашарлауымен, әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуімен дамып келеді. Геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты тауар жеткізу жолдарының бұзылуы жиілей түсті. Бұл өз кезегінде әлемде инфляциялық қысымды күшейтті. Көптеген елде инфляция ондаған жылдардағы ең максималды көрсеткіштерге жетіп, жоғары деңгейде сақталды. Мысалы, АҚШ-та инфляция 40 жылғы ең жоғары деңгейге – 8,2 пайызға жетті. Ұлыбритания мен Еуроаймақта инфляция екі таңбалы мәнге өтіп, тиісінше, 10,1 және 10,7 пайыз болды», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның атап өтуінше, жоғары бағалар азық-түлік пен энергетика секторынан шығып кетті. Сондықтан Халықаралық валюта қоры өткен айда жаһандық инфляцияның болжамдық көрсеткішін еселеп, инфляцияның ұзақ уақытқа сақталу тәуекелі бар екенін айтқан.

«Халықаралық валюта қорының жаңартылған болжамдарына сәйкес, жаһандық инфляция осы жылдың соңында 8,8 пайызға дейін жетеді. 2023 жылы ол 6,5 пайызға дейін, ал 2024 жылы 4,1 пайызға дейін баяулайды деген болжам бар. Орталық банктер инфляциямен күресу жолында мөлшерлемені көтерудің синхронды циклін жүргізуде. Себебі экономиканың орнықты өсуі үшін бағалардың тұрақты әрі төмен болғаны маңызды. Осы іс-шаралар баға қысымын төмендетуге, инфляцияны нысаналы деңгейге қайтаруға және жылдар бойы қалыптасқан халықтың сенімін жоғалтпау үшін инфляциялық күтулерді бақылауға бағытталды», - деді Ғалымжан Пірматов.


Фото: covalenceinc.com


Соңғы жаңалықтар