Макроэкономикалық қатерлерге қарсы тұруға Қазақстанның банк жүйесі дайын - сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Financing Growth in Kazakhstan» форумы барысында әлемдік сарапшылар құбылмалы әлемдік экономика жағдайында банк жүйесінің оңтайлы жұмыс жасау жолдарын талқылады.

«Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры Мағжан Әуезов банк жүйесінің макроэкономикалық қатерлерге төтеп беру қабілеті жайлы жан-жақты баяндап берді.

Оның айтуынша, соңғы кездерде банк жүйесінде ауқымды өзгеріс әкелетін 4 ірі оқиға байқалған.

«Біріншіден, банктердегі мемлекеттің үлесі азайды. БТА банкі, Альянс, Темір банкінің акциялары жеке тұлғаларға сатылды. Екіншіден, Үкімет ішкі нарықтағы теңгенің тапшылығы мәселесін шешті. Қазір халықтың 70 пайызы өз қаржысын шетелдік валютада сақтайтындығын білесіздер. Осы бағытта БЖЗҚ 5-10 жылдық облигациялары мен банк депозиттері Қазақстан экономикасын қаржыландыруға бағытталды. Мемлекет ШОБ-ты қаржыландыру мәселесін де назардан шығармады. «Даму» қоры арқылы биыл ШОБ субьектілеріне 1 млрд6 теңге қаржы бөлінді. Биыл коммерциялық банктерге теңгемен қорландыру арқылы валюталық позицияны сақтауға мүмкіндік беретін несие желісі ашылды. Аталған программа банктерге теңгелік кредит портфелін арттыруға мүмкіндік берді», - деді Мағжан Әуезов.

Маманның айтуынша, банктердің бірігуі Қазақстанның қаржылық секторы үшін үлкен бетбұрыс әкеледі.

«Казкоммерцбанк» пен БТА-банктің, Альянс пен Темір банктің бірігуі, Халық банктің HSBC-дің еншілес банкін сатып алуы банк секторындағы қайта қалыптасуға әкеледі. Бұл өзгеріс ішкі проблемалар мен сауалдарға баса мән беруге мәжбүрлейді. Бізге осы ұрымтал кезеңнен мейлінше шығынсыз өту керек», - деді М.Әуезов.

Сарапшы шетелдік банктердің Қазақстаннан бірте-бірте кетуі де отандық банктердің белсенділігін арттыруға ұмтылдыратынын атап өтті.

«Қазақстанда шетелдік банктердің үлесінің азаюы соңғы тренд болып отыр.

1990 жылдардың соңында АБН АМРО банкі активтерінің көлемі бойынша Қазақстанда төртінші банк болатын. Қазір шетелдік банктердің көбі Қазақстаннан кетті. Unicredit соңынан HSBC өзінің еншілес банкін сатып, өз үлесін әжептәуір азайтты. Олар ірі компанияларды сапалы әрі тиімді қаржыландырумен қамтамасыз етіп келген болатын. Енді олар кеткен соң отандық банктерге сол вакуумды толықтыру керек», - деді М.Әуезов.

Маман Қазақстанның қаржылық жүйесіне әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайында қандай қатер төніп тұрғандығын да атап өтті.

«Келесі жылы көптеген сарапшылардың айтуынша, Қазақстан үлкен проблемаларға кез болуы ықтимал. Әлбетте, мұнай бағасының төмендеуі, рубльдің қысым көруі, оның отандық тауар өндірушілерге әсері экономикаға кері әсер ететіні тайға таңба басқандай көрініп тұр. Алайда, 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа қарағанда біздің банк жүйесі сыртқы факторларға аса тәуелді емес. Сыртқы қарыз бойынша қайта қаржыландыру тәуекелі 2008-2009 жылдардағы көрсеткішке қарағанда анағұрлым аз. Сол кездерде банк жүйесі сыртқы нарықта синдикатты қаржыландыруды жалғастыра алмады, Қазақстаннан тыс жобаларда тәуекел өте жоғары болды. Қазір жағдай басқаша. Банктерде қысқа мерзімді қайта қаржыландыру қаупі жоқ. Капитал нарығына шек қойылған кезең банктер үшін өткендегідей ауыр болмайды. Салалық тәуекелдерге қарамастан макроэкономикалық қатерлерге банк жүйесі дайын. Ірі банктердің басшылығы антидағдарыстық жұмысқа біріктірілген. Осы орайда біз Қазақстанды «тұрақтылық аралы» деп атауымызға әбден болады, - деп қорытындылады өз сөзін Мағжан Әуезов.

Соңғы жаңалықтар