Мақпал Мыса: «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болғанда әдебиет үшін қуандым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ол – ақын. Қазіргі уақытта мәжіліс депутаты. ҚазАқпарат тілшісі Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін» және «Аспантаудың көктемі», «Шоған Абыз» атты кітаптардың авторы, алғаш рет «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатарынан табылған әдебиет саласындағы үздік жас Мақпал Мысамен сұхбаттасты.

- 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі өтті. Жоба жеңімпаздары қатарында алғаш рет әдебиет саласынан үздік жас таңдалды. Ол – өзіңіз болдыңыз. Осы жаңалықты естігенде қандай сезімде болдыңыз?

- «100 жаңа есім» – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы имидждік жоба. Бұл жобаға мені Қапшағай қалалық кітапханасы ұсынған. Өзім бұл қалада 15 жылға жуық уақыт тұрдым. Жоба бірнеше іріктеу кезеңінен тұрды.

Байқап қарасам, расымен де ел ішінде еңбегімен еленіп жүргендердің ішінен «жүзден – жүйрік, мыңнан - тұлпарларды» анықтайтын жоба екен. Бұл шетелде баламасы жоқ, Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынған жоба тарих жолында дәріптелер үздік жастардың жолын, еңбегін насихаттаумен ерекшеленеді. Жақсының шарапатын үлгі ету. Олардың ойларын бір арнада тоғыстыру.

Жоба жеңімпазы атанған кезде әдебиет үшін қуандым. Алдағы уақытта да осы жобада әдебиетте жүрген талантты жастар топ жарып шығуы керек.

- Жоба жеңімпазы болған кезде сіз облыстық газетте жұмыс істеп жүрдіңіз. Жобадан соң түрлі телеарналардан ұсыныс келіп түсті. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутатысыз. Жалпы жобадан кейін шығармашылық пен қызметіңізде қандай өзгерістер болды?

- «100 жаңа есім» – халықтың дауыс беруі арқылы анықталатын айрықша жоба. Жобадан кейін республикада, облыстағы, аудандардағы жастармен көптеген кездесулер өткіздім. Сол кездесулер мені шыңдады. Жастарды көбірек тыңдадым. Сұрақтарына жауап іздедім.

Арман мен мақсат жолындағы қызық та қиын шығармашылық жолым жайлы, бір толқын болып қалыптасқан осы жобадағы замандастарым, олардың тарихы мен тағдыры жайлы айтып бердім.

Жастар өзін өзі шыңдау, білім жолында жетістіктерге жету жолдары, қоғамға қатысты сұрақтар қойған кезде біраз дүниелерді зерттеуіме тура келді. Жастарды алға сүйреу үшін алдыма қандай мақсат қоюым керек екеніне байланысты көп ойланып, талдау жүргіздім. Ашық диалогтар болды.

Алла тағала маған халықтың мұңын қозғайтындай ақындық қасиет берсе, мен сол қасиетті аялай жүріп, елдің жүрегі мен жанына жақындай түстім. Басқасын айтпағанда қолына қалам ұстаған Алаш арыстары, бертіндегі Парламентте отырған Шерхан, Әбіш, Мұхтар, Фаризалар елге қызмет етті. Бұл - мен үшін үлкен үлгі. Қалай қайрат қылмайсың?! Жауапты жолдың серті бар. Өлеңім - арым болса, ел алдындағы барым да осы.

- Мәжіліс депутаты болу мен ақындықты қатар алып жүру қаншалықты ауыр? Сұхбатыңыздың бірінде «Адамдар өлеңнің құдіретін дүниеәуи ойлардан ада болған кезде ғана жан-жүрегімен сезінеді» деген екенсіз. Өлең жазу үшін де дүниеәуи ойлардан ада болу керек болар? Саяси салада болып жатқан өзгерістер, қоғамдағы оқиғалар өлең әлемінен аластатып, жерге түсіріп тастағандай болмай ма?

- Бұл жолға келгенде бастапқы ойларым шыңдала бастады. Жалпы жайдан-жай депутат бола салған жоқпын. Жетінші шақырылымдағы депутаттардың бәрі үлкен додада жарысқа түсіп, топ жарып іріктеумен келді. Праймеризге қатысқан сәттен бастап халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, арнайы бағдарлама жасадым. Бұл үлкен мектеп болды мен үшін.

Осы жолға дайындалып, шыңдалып келдім, сондықтан бұл тәжірибем алдағы уақытта біліммен ұштасып шыңдала түсуі керек. Себебі сапалы заң қабылдау, ел мүддесін қорғау басты міндетіміз.

Адамның өмір сүрудегі басты мақсаты – адам болып өмір сүру. Адамдығымыз азаматтыққа, азаматтығымыз қайраткерлікке ұласса, бекер жүрмегендігіміз.

«Депутаттық қызметте өлең жазбай кетпейсіз бе? Ақындығыңыз қалып қоймасын» деп алаңдап жанашырлық танытып отыратын оқырманым көп. Мен оларға ақынды өлеңнен ажырату мүмкін еместігін айтамын. Кейде әлеуметтік желідегі парақшама өлең салсам, «Депутат ханым, сіз өлең жазбай, халықтың мәселесін көтеріңіз» деп те пікір жазатындар бар. Демек, ел сенімі үшін екі есе жауаптысың.

- Халықпен кездесу барысында қазіргі қоғамды алаңдататын негізгі мәселелер қандай екенін түсінген шығарсыз. мысал келтіре аласыз ба?

- Иә, халықпен кездесу барысында өтініш-тілектер көптеп айтылды. Ауыл-аймақта жайылымдық жерге қатысты мәселе көп. Бүгінде мал басының саны артқан, бірақ жайылымдық жердің жетіспеуі салдарынан ауыл тұрғындары қиналып жатыр.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта оқушыларды қашықтан оқытуға байланысты, білім деңгейіне қатысты мәселе өте өзекті болып тұр. Қазіргі уақытта оған қатысты заң қарастырылып жатыр. Алла қаласа бұл мәселе де шешімін табады.

Мені толғандырған тағы бір мәселе – облыс орталықтары мен қалалық жерлерде мүгедек балаларды оңалту орталықтары бар, ал ауыл-аймақтарда оңдай орталық жоқтың қасы. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-анасы үйден шықпай қарап отыр. Бұл мәселені де қолға алуымыз керек.

Ең басты мәселе - мемлекеттік тілді Конституциялық тұғырға көтеру. Бұл – біздің қасиетті борышымыз. Бүгінгі таңда көрнекі ақпарат бойынша заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ана тіліміздің қорғалып, өзіміз де, өзгелер де сыйлай алар дәрежеге жеткізуіміз істің нәтижесі болмақ.

- Өлеңдеріңіз бірнеше тілге аударылып, оқырман қатары көбейіп жатыр. Жалпы өзіңіз кімдердің поэзиясын сүйіп оқисыз?

- Мен поэзияға өте ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен қараймын. Жастардың шығармашылығын көбірек оқуға тырысамын, өйткені олардың көзқарасы, азаматтық позициясы маңызды. Біздің буын қара өлең стилінде Отан, махаббат туралы тақырыпта қалам тербесе, қазіргі буын әлем адамы тұрғысынан қалам тербейді. Олардың ойлары, қозғайтын тақырыбы – адамзатқа, әлемге ортақ. Мен оларды қызыға оқимын. Сонымен қатар, театрларда жастардың туындыларын көбірек сахналау керек деп ойлаймын.

- Жалпы, 100 жаңа есім жобасының жеңімпаздарымен араласып тұрасыз ба?

- «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне қатысушылар – керемет толқын болды. Олардың кейбірі шетелде жүрсе, енді бірқатары шетелден елге оралып, қызмет етіп жатыр. Олардың бәрі еліміздің патриоттары.

- 100 жаңа есім» жобасы жалғасын тапқалы жатыр. Осы жобаның осы жолғы ерекшелігі не болады деп ойлайсыз? Жоба қатысушыларына қандай тілек айтасыз?

- Барша қазақстандық жастарды осы жобаға қатысуға шақырамын. Біз білмей, еленбей жүрген талантты жастар осы жобада топ жарса, олар жайлы көбірек білетін едік. Егемен елдің жастары бірігуі керек. Болашақ үшін өзін жауапты сезінетін ұл мен қыздың қатары көбейсін!

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар