«Маккаби» өз алаңыңда өте жақсы ойнайды - Ненад Эрич

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының негізгі қақпашысы Ненад Эрич Еуропа лигасы топтық кезеңінің 3-туры аясында Израильдің «Маккаби Тель-Авивә командасын шаң қаптырған жеңісті ойын туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешегі ойында мен атқарар еш жұмыс болмады. Команда  қорғаныста да, шабуылда да өте жақсы жұмыс істеді.  Дер кезінде гол соқтық, «Маккаби» қақпамызға жолай алмады», - деді ол.

«Астананың» топтан шығу мүмкіндіктері туралы Эрич  «А» тобындағы барлық төрт команданың мықты екенін жеткізді. Сондай-ақ, Эрич «Маккабимен» қарымта ойынның да қиын болатынын баса айтты.

«Кеше «Вильяреал» «Славиямен» тең түсті, менің ойымша барлығы біздің «Маккабимен» қарымта ойынымызға байланысты.  Егер қарымта ойында да басым түссек, топтан шығу мүмкіндіктеріміз артады.  Бірақ, қарымтада тең түссек те, қуанар едік. Себебі «Маккабидің» жанкүйерлері мықты, ондағы климат та өзгеше. Олар өз алаңыңда өте жақсы ойнайды,  тіпті испандық «Вильяреалдың» жеңіп кетуіне жол бермеді», - дейді қақпашы.

Сонымен бірге, Эрич «Астананың» өз алаңында жақсырақ ойнайтыны туралы фактіге өз пікірін білдірді.

«Соңғы нәтижелер біздің өз алаңымызда тәуір ойнайтынымызды көрсетті. Әрине, жанкүйерлер алдында сенімділігіміз арта түседі. Бірақ, қазір біздің еурокубоктық тәжірибеміз бар және жанкүйерлеріміз үшін сыртта да бар күшімізді саламыз», - деді Эрич.

Фото: fca.kz

Соңғы жаңалықтар