Макинск командасы «Ақ бидай» спартакиадасының жеңімпазы атанды - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Бұланды ауданының Новобратское ауылында жазғы аудандық «Ақ бидай» спартакиадасы өз мәресіне жетті және биылғы жылы дәстүрлі спартакиада «ЭКСПO-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудан əкімінің баспасөз қызметінің мəліметі бойынша, кең көлемдегі аудандық іс-шараға аудан әкімі Қуандық Испергенов, Егіндікөл ауданының әкімі Нариман Төлепов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шахман Құсайынов, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің және аудан әкімі аппараты бөлімінің басшылары, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар қатысты.

Спартакиаданың ресми ашылу рәсімі басталмас бұрын аудан орталығынан келген қонақтар Новобратское ауылындағы соғыс жылдары қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ескерткіш басында еске алу сөздерімен аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлән Сейдахметова сөз сөйлеп, осындай игі бастамаларға қатысып, майдангерлерге деген құрмет көрсетіп жүрген жандарға алғыс айтты.

Жазғы спартакиаданың ашылу салтанаты жаңа салынған стадионда өтті. Ауылдық стадионның құрылысына аудандық бюджеттен 15 миллион теңге қаражат бөлінген.

Ашылу салтанатының аясында аудан әкімінің алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен аграрлық саласының озаттары, ақпарат және байланыс, спорт және мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды.

Аудандық жазғы спартакиада келесі спорт түрлері бойынша өтті: футбол, волейбол, шахмат, дойбы, отбасылық старттар (жазғы кешен), жазғы президенттік көпжарыс, армрестлинг, гір тасын көтеру, үстел теннисі, дартс, ат спорт сайыстары (аламан бәйге - 15 шақырым, тоқ бәйге - 7 ш., жорға - 6 ш., бұландылық жарыс - 5 ш., желісті жылқы жарысы - 1 600 м.), қазақша күрес - абсолют.

Спартакиадаға «СХП Новобратское» ЖШС демеушілік жасады. Серіктестікті басқарып отырған Сұлтанбек Қайырбекұлы Құлжанов ат бәйгесіне 2 миллионнан астам қаражат бөлсе, басқа спорт түрлерінің жеңімпаздарына 350 мың теңгеге астам сыйлық тапсырды.

Спорттық іс-шараның соңында жарыс түрлерінің жеңімпаздары дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша «Ақ бидай» жазғы аудандық спартакиадасының жеңімпазы Макинск қаласының командасы атанды, екінші орынды Журавлевка ауылдық округінің командасы иеленді, үшінші орынды Капитановка ауылдық округінің командасы еншіледі. 

Соңғы жаңалықтар