Макинск қаласының әкіміне қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескертілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті әдеп кеңесінің отырысы өтті. Онда қаралған бірқатар мәселелердің арасында Бұланды ауданы Макинск қаласы әкімі Манарбек Есенғожинге қатысты тәртіптік іс те бер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыс барысында Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жаңаділованың есебі тыңдалды.

Департаментпен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға, үстеме жұмысқа және демалыс және мереке күндері жұмысқа заңсыз тарту жағдайын болдырмауға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы жасалған меморандум шеңберінде Ақмола облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының жұмыс қорытындылары қаралды.

Сонымен қатар, Біржан сал ауданы мен Есіл ауданы әкімі аппараттарының тәртіптік тәжірибесіне талдау жүргізілді.

Бұдан өзге Бұланды ауданының Макинск қаласы әкімі Манарбек Есенғожинге қатысты тәртіптік іс қаралды.

Қала басшысы абаттандыру бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою мен нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу сияқты мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасады.

Заң бұзушылықтар Макинск қаласын көгалдандыруға, атап айтқанда, қаланың гүлзарларына гүл отырғызуға қатысты болды.

Бұланды ауданының прокуратурасы гүл отырғызу тығыздығы сатып алу туралы жасалған шарттың техникалық ерекшелігіне сәйкес келмейтінін анықтады.

Сонымен қатар, гүлзарларды суару дұрыс жүргізілмеді.

Бейнебақылау камералары бойынша учаскелердің бірі 20 күннен артық суарылмағаны анықталды.

Алайда осы уақыт ішінде шарт сомасына толық төлем жүргізілді.

«Әдеп жөніндегі кеңеспен тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша Бұланды ауданының Макинск қаласы әкімі М.Есенғожинді «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным шығарылды», - деп түсіндірді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Жазира Сейітмағанбетова.


Соңғы жаңалықтар