Махабатты тойлайтын арнайы күннің қажеті қанша...- Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Жылдың бір-ақ күнінде ғашық боламыз ба? - «Ońtústik Qazaqstan» газеті

null

Қоғамда «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күнін тойлауға қатысты түрлі көзқарас бар. Бұны біреулері «Қасиетті Валентин» күнін ұмыттыру үшін жасалған деп қолдаса, енді бірі оның қажетінің шамалы екенін алға тартады. «Ońtústik Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақалада жалпы «махаббатты тойлау үшiн арнайы күн қажет пе?» деген мәселе көтеріліпті.

Автор кейбір елдер махаббат мейрамын тойлау үшін бір күнді арнайы белгілеп алғанын айта келе, біздің қоғам үшін «осынау ұлы сезімді қастерлеуге күнтізбенің қажеті бар ма?» деген сұрақты көлденең тастайды.

«Баршамыз махаббаттың символы ретінде сақталған Қыз Жібек пен Төлегеннің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Ләйлі мен Мәжнүннің кіршіксіз махаббатын үлгі тұтып есеймедік пе? Ал, олардың махаббаты бір күнмен шектелмеген еді ғой. Олай болса, ұлы ұғымды неге бір күннің шеңберіне тығып қоюға тырысамыз? Тіпті, махаббат күнін мерекелеу арқылы біз кімге не үйретеміз, кімге нені үлгі етеміз? Махаббат - онсыз да Алланың қалауымен, жүректің бұйрығымен адам бойына даритын ең қасиетті ұғым. Ендеше, оны жарнамалау, алаулатып-жалаулату соншалықты қажет дүние ме?»

Бұл ретте автор жастар арасында «Әулие Валентин» күнін атап өту соңғы жылдары бәсеңсіп қалғанын айтады. «Валентин» күнін ұмыттыру үшін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күнін тойлаудың қисыны келмейтінін алға тартады.

«Сүю деген - өмір сүру. Олай болса, біздің әр күніміз - махаббат мерекесі. Ендеше, сүйіктіңіздің жүрегін жаулап алатын сиқырлы сөздеріңіз бен сырыңызды, сезім қылын шертетін, махаббатыңызды айшықтайтын сыйлығыңызды тарту еткіңіз келсе, ешқандай ғашықтар күнін күтпей-ақ жақсы көретін адамыңызды күн сайын қуанта түсіңіз. Ал, аты бізге аңыз боп жеткен Қозы мен Баянның рухы сәт сайын қолдап, әр күніңіз есіңізде мәңгілікке сақталып қалуына тілектеспіз!»

Қалыңдықтың гүл лақтырғаны дұрыс па? - «Арай» газеті

null

«Үйлену тойы - әрбір адам үшін ең маңызды сәттердің бірі. Қыздар қауымының осындай бақытты шақта барлығы ойдағыдай өтсе екен деп те уайымдайтыны бар. Сол үшін де кейбір қуаныш иелері той сценарийіне дәстүрге келсін-келмесін түрлі рәсімдерді тықпалап жататыны да жасырын емес. Әсіресе той барысында қалыңдықтың тұрмыс құрмаған құрбыларына гүл лақтыруы әдетке айналып келеді. Бұл қаншалықты дұрыс?» деп жазады «Арай» газеті.

Автор гүл лақтыру үрдісі батыстан келгенін айта отырып, ондай дәстүрге қатысты әңгімелерді алға тартады. Бөтен елдің ырымын, салтын суреттейді. Сөз соңында автор Зейнеп Ахметованың кеңесіне жүгінуді де жөн санапты: «Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері де тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс».

Дәстүрлі емес медицина: аңыз ба, ақиқат па? - «Дидар» газеті
null

Халық емшілері немесе дәстүрлі емес медицина түрлері қай кезде де болған. Бұған қоғамда ғана емес сол медицина саласының өзінде де түрлі көзқарас бар. «Дидар» газетіндегі мақалада осындай халық емшілерінің тосын жайттары, жұртты таңғалдырған жаңалықтары туралы жазылыпты. Мақалада дәстүрлі медицина мен дәстүрлі емес емдеуді қатар алып жүрген ғалымдарға да тоқталған. Соның бірі Ресейдің атақты хирург-офтальмологі, ғылым докторы, профессор, «Бүкілресейік көз емдеу, пластикалық хирургия» орталығының бас директоры Эрнст Мулдашев екен.

«Ұлты башқұрт ол Тибетке төрт рет сапар шеккен. Эрнсті тибеттіктердің тұрмыс-салты ғана емес, халықтық емінің құпиясы да қызықтырған. Ол Тибетке жасаған төртінші сапарынан оралған соң, ота жасау арқылы зағип болып қалған қыздың көзін ұясынан алып, оны қайта орнына салыпты. Бастысы, тумысынан су қараңғы болып дүниеге келген қыз жарық дүниені көргенде қатты қуанған екен».

Автордың жазуынша, бұл - әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған оқиға. Сосын автор емдерін өзі көзімен көрген емші Керімбек Мәдиев туралы жазады. Оған емшіліктің келген жолын айтып өтеді. Халық емшілерінің басқа да оқиғаларына орын береді. Ондай таңғаларлық оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып, дәстүрлі емес емдеудің дәруі де киесі де бар екенін жеткізгісі келеді.

«Біздіңше осының екеуі де бар шығар. Ал бұдан гөрі таратыңқырап айтсақ, дәстүрлі емес емдеу түрі емшіден сұңғылалықты, білімдарлықты, тәжірибені, сәуегейлік пен көріпкелдікті де талап ететін тәрізді. Ал мұндай қасиеттер мыңнан бір адамның маңдайына ғана жазылмақ».

Танысы жоқтың «шансы» жоқ па? - «Орталық Қазақстан» газеті

null

«Орталық Қазақстан» газеті бүгінгі жастардың басым бөлігінің басында кездесетін проблеманы көтеріпті. Мәселе жоғары оқу орнын бітіріп алып жұмыссыз жүрген жас маман, нарық талабына сай маман даярлай алмаған ЖОО туралы болып отыр.

Мақалада автор бүгінгі жастардың еңбекке құлқы жоқ екенін айтады.

«Жастар мамандықты еңбек нарығының қажеттілігіне емес, қоғамдағы беделіне қарай таңдайды қазір. Табыс көзі ретінде қабылдайды. Көбіне ЖОО-ны бітірген жастар осы себепке байланысты мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сосын қоғамда жұмыссыздық пайда болады. Тиісінше, олардың оқуға төлеген ақшасы далаға кетеді, өзін-өзі ақтамайды. Ата-ана балаларын өзіне ұнайтын мамандық таңдауға үйретсе, жұмыс берушілер арасында үлкен бәсекелестік қалыптасар еді» - депті пікір білдірген мектеп директоры. Енді бір сарапшы «жастар мамандық таңдайтын кезде ақша, мансаптан да артық дүниелер бар екенін естен шығаратынын» айтыпты.

Мақалада тілші жастардың да пікіріне көңіл бөліп, білім мен тәжірибе мәселесін де салмақтапты. Жастардың шетелге кету проблемасына да тоқталған.

Қаныштың «қырық қыры» - «Сарыарқа самалы» газеті
null

Биыл Қазақстан ғылым академиясының ұйымдастырушысы әрі тұңғыш Президенті, әйгілі академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. Қазақ үшін ғана емес күллі адамзат ғылымы үшін феномен тұлғаға айналған Қаныш туралы қызықты мақала «Сарыарқа самалында» жарық көрді. Мақалада Қаныш Сәтбаевтың жігіттік сипатына жеті өнерді де аз санап, «қырық қырлы» болғанын дәлелдейтін деректер де беріліпті. Мәселен, ол тек қана ғалым, геолог, инженер, заңгер, тарихшы, этнограф емес, қаламынан талай дүние туған жазушылық қасиеті де менмұндалап тұрған талант иесі болған екен. Бұл ретте автор академик Әлкей Марғұланның мына сөін келтіреді: Егер геологияның соңына түспей, бірыңғай әдебиет саласымен кетсе, Қаныш аса талантты жазушының бірі болар еді. Оны Қанекеңнің жас кезінде жазған новеллалары, әдебиет, музыка, би өнері туралы жазған мақалалары, Абай, Жамбыл, Мұхтарға арнап жазғандары айқын бейнелейді».

Мақалада жазылғанындай, Қаныштың актерлік қабілеті де зор екен. 1915 жылы Семейде жас Қаныш Сәтбаев сахналық қойылымдарда рөл сомдаған. «Мысалы, «Біржан-Сара» қойылымын қояды. Сара болып Тұрар Қозыбағарова деген әйел ойнаған да, Біржанның рөлін, бір қызықтысы, Жүсіпбек Аймауытов сахнаға алып шыққан. Тағы бір қойылымда жас Қаныш бірде сахнаға Қобыланды батыр болып шықса, бірде Жарылғапбердінің әнін, бірде Мұстафаның әнін, «Топайкөк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», тағы да басқа әндерді домбырамен шебер орындаған. Бұл Қаныштың қырыққырлы қасиеттерінің бірі ғана еді».

Бұдан бөлек, автор Қаныш жас кезінде Жаяу Мұсаның кейбір әндерін өзінен тікелей үйренгенін айтады. Оның әншігілінің бір мысалы: жылдар өте келе сол әндерді қазақтың ән мұрасын жинаушы, әйгілі музыкатанушы, зерттеуші Александр Затаевичпен табыстырады. Сонда өзінің сүйікті әндерін, қазақтың ел ішіне көп тараған кең диапазонды әндерін айтып берген. Сөйтіп А.Затаевич Қаныш Сәтбаевтан 25 қазақ әнін жазып алып, өзінің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына енгізген.

Ғарышқа жол Нарын құмынан басталған - «Орал өңірі» газеті

null

«Ресми Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш кешенінің әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы екенін дүйім жұрт біледі. Алайда дүниежүзінде ғарышқа ең алғашқы сапардың Нарын құмында орналасқан Капустин Яр сынақ полигонынан жасалғанын екінің бірі біле бермейді» деп жазады «Орал өңірі» газеті.

Мақалада жазылғанындай, Юрий Гагаринді ғарышқа алып ұшқан зымыранды құрастырған Королевтың ғарыш кеңістігін игеру мақсатындағы ең алғашқы сынақ жұмыстары қазақ даласында, Нарын құмында жүргізіліпті. Айта кетерлігі, 1946 жылдан бастап, Батыс Қазақстан облысының аумағы кеңестік ғарыш-зымыран саласының қалыптасу және даму кезеңдерімен тығыз байланысты болыпты. Алайда сынақ жұмыстары туралы барлық құжат «аса құпия/ерекше маңызды» грифімен таңбаланғандықтан Батыс Қазақстан облысы туралы мәліметтер де әлемдік ғарыш тарихына мүлдем енбей қалған. Тек құжаттар ғана емес, бұл зерттеу-сынақ жұмыстарының басы-қасында болғандардың барлығы да бір кездері құпия мәліметтерді ешкімге және еш жерде жарияламау туралы қолхатқа қол қойғандықтан, Кеңес өкіметі ыдыраған соң да бұл туралы жақ ашпаған.

«Нарын құмында орналасқан Капустин Яр полигонынан 1947 жылдың 18 қазанында Кеңес одағының тұңғыш баллистикалық зымыраны ұшырылғандығы туралы нақты деректер бар. Бұл туралы өз естеліктерінде есімін әлем мойындаған конструктор, академик Сергей Королев та жазып қалдырған. Капустин Яр әскери полигонынан ұшырылған Королевтың Р-1, Р-2, Р-5 зымырандарында отын, яки жанармай ретінде этил спирті мен сұйық оттегі қолданылған. Ғалым-конструктордың «бейбіт ғарышты» игеру мақсатында «гептилді» пайдалануға үзілді-кесілді қарсы болғаны әмбеге аян, - дейді В. Полетаева»...

Мақалада Юрий Гагариннің Орал қаласында болғандығы туралы жорамалдар да жасалады. Сонымен қатар, бұл өңірдегі ұзақ жылдар бойы жасалған сынақ зардаптарына да автор тоқталады.

«Исатай мен Махамбеттің, Бөкей мен Жәңгірдің, Дәулеткерей мен Құрманғазының кіндік қаны тамған қасиетті Нарынның ұланғайыр құмды шағылдары өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңынан бастап талай дүмпуді сезініп, көк сеңгір аспаны небір зұлматқа куә болды. Жарты ғасыр бойы радиацияның қара бұлтын төндіріп келген Капустин Яр полигоны туралы мәлімет 1992 жылға дейін ашық айтылмады».

Мақалада Батыс Қазақстан облысының әлемдік ғарыш тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тарихи өңір екені айтылып, Капустин Яр полигонына лайықты баға беру қажеттігі көтеріледі.

Қазақ боксының атасы - Шоқыр - «Маңғыстау» газеті

null

Мақалада Шоқыр Бөлтекұлының тағдыры, сонау қасаң жылдары оның басына түскен зобалаңдар туралы жазылған. Жұртшылық біле бермейтін деректер де келтіріліпті. Атақты боксшының жары Нұрсұлу Тапалова - қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы балерина екен. 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-биші болған Нұрсұлу Тапалова 1947 жылы Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі атағын 24 жасында алған екен.

Шоқыр Бөлтекұлы Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған оның өзі рингке 223 рет шығып, соның 199-ын нокаутпен аяқтаған. Ол - «СССР спорт шебері» атағын иеленген тұңғыш қазақ.

«Қытай еліне жасырын барған саяхаты үшін құқық қорғау орындарының бақылауында болған. Мемлекеттік тергеу орындарының қызметкерлері бірнеше рет жауапқа шақырып, біраз тергеген деген деректер бар. Заманында Б.Момышұлы, Б.Майлин, Ш.Айманов, К.Кенжетаев және басқа да ұлт қаймақтарымен араласып тұрған».

Мақалада айтылғанындай, Шоқырдың талантты жан болғанын дәлелдейтін ерекшеліктердің бірі - суретшілігі. Бакудегі сурет училищесін тәмамдай алмаса да, қабілетінің арқасында салған суреттерімен де айналасын тамсандырған.

«Атақты жазушы Бейімбет Майлин басқа емес, осы Шоқыр атамызға қолқалап, татар жазушы Ғабдолла Тоқайдың суретін арнайы салдыртқан. Сондай-ақ қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының фойесі, бұрынғы М.Горький атындағы демалыс паркінің аллеясы атақты боксшының суреттерімен безендірілген».

Немере ме жиен бе? - «Сыр бойы» газеті

null

Мақалада автор «қыздан туған немере» һәм «жиен» сөзі туралы мәселені қаузайды. Шындығында бүгінгі күні осыған екітүрлі пікір бар. Бұл ретте автор өз танысының «Осы қазақтың алалайтыны жаман, орыстар қыздың да, ұлдың да баласын «внук» дейді. Біз ғой..» - деп өкпелегенін келтіреді.

Автор қазіргі күні адасқан атауды басқа емес, тіл жанашыры болып есептелетін мәдениет саласының өкілдері де айта бастағанына налиды. Айналып келгенде «жиен» сөзінің астарында ешқандай да бөтендік жоқ екенін алға тартады.

«Немере - ататек құрамындағы туыстық атау. Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, бұл - жеті атаның сатылы буыны. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер...» дейді қазақ. Ал, «жиен» атауы бұл жүйеге кірмейді. Жиен - қыздың баласы болғандықтан, оның жеті ата буыны бөлек. Оны қанша жерден «немере» десең де, бола алмайды»...

Сосын «жиен» жайына тоқталған автор, бұрынғылар бұл сөзден қашпағанын, қайта жиенді жақсы көргенін жазады.

«Жиен - нағашының ең жақыны. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген сөзді де қазекең айтып отыр. Осы сөздерден құрмет те, жақындық та көзге ұрып тұрған жоқ па? Ендеше, қа­зақтың салтында да, сөзінде де «жиен» атауынан ат-тонымызды ала қашардай не бар?» деп түйіндейді автор.

Соңғы жаңалықтар