Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы басты экологиялық мәселелерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында эковолонтерлермен, экологиялық факультеттердің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ертең біздің кәсіби мерекеміз – Дүниежүзілік қоршаған орта күні аталып өтеді. Бұл біздің мерекеміз ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес қосып жүргендерге ортақ күн. 5 маусымның да кездейсоқ таңдалмағанын атап өткім келеді. 1972 жылы 5 маусымда Стокгольм конференциясы өз жұмысын бастаған еді. Ондағы негізгі мәселелердің бірі – қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық саясатты әзірлеу болды. Осыған байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясы 5 маусымды қоршаған орта күні деп белгілейтін қарар қабылдады. Бұл қарарда экологиялық проблемалар, қоршаған ортаны тазартуға шақыру туралы көп айтылады», - деді Экология министрі Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен жастармен кездесуде.

Жыл сайын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінің арнайы тақырыбы мен ұраны белгіленеді. Биылғы тақырып – «Қайта қарастыру, қайта құру және қалпына келтіру» болмақ. Министрдің айтуынша, біз де қазір қайта қарастыру кезеңінде тұрмыз.

«Соңғы жылдары таза ауа, қоршаған ортаны қорғау тақырыбына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтардың экология тақырыбын белсенді көтеріп жүргендері бізді қатты қуантады. Пандемия кезінде планета біраз демалды, бұл бізге табиғаттың рөлі мен адамның орнын қайта қарастыруымыз керегін көрсетеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Кездесу барысында министр елдегі баса мән берілуі қажет екі маңызды проблеманы атап өтті.

«Таза ауа және қалдықтардың аз өңделуі мәселелері өзекті болып отыр. Біздің айналамызда ұшып жүрген пакеттер, ластанған саябақтар өте көп. Біз де қазір белгілі бір қайта мән беруге, қайта қарастыруға келе жатырмыз. Тағы бір үшінші мәселе – климаттың өзгеруі де өте көп әсер етеді. Орталық Азия өңірі жаһандық климаттық өзгерістерге, жаһандық температураның көтерілуіне анағұрлым бейім болады. Соңғы 100 жылда Қазақстанда температура 1,37 градусқа көтерілген. Өкінішке қарай соңғы жылдары температураның жоғарылау үрдісі жылдам жүруде. Біз үшін бұл – күрделі сын-қатер. Біздің аумақ шөлейттенуге, жердің тозуына тез ұшырайды. Су ресурстарының болуы да аса маңызды. Біздегі барлық судың жартысына жуығы сырттан келеді. Осылайша, барлық климаттық өзгерістер судың қолжетімді болуына әсер етеді», - деп түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар