Мағзұм Мырзағалиев: Қазақстанда қоқыс шығару тарифтері төмен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселелеріне ерекше назар аударғанын баршамыз білеміз. Жақында ол біздің министрлікке екі маңызды міндетті қойды: «Waste to Energy» технологиясын енгізу үшін заңнамалық база мен қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуді, сонымен қатар елді мекендердің маңында заңсыз қоқыстарды тастауға жол бермеу және оны жою бойынша жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр Мемлекет басшысының «Waste to Energy» технологиясының заңнамалық тұрғыда енгізу жөніндегі тапсырмасына қатысты министрлік бірқатар жұмыс атқарғанын еске салды.

«Мен бірнеше рет айтқандай, елімізде қалдықтарды қайта өңдеу үлесі өте төмен. Бар-жоғы 15 пайыз ғана. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2 есе, яғни орта есеппен 30 пайызды құрайды. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Алайда бүгін Қазақстанда қоқыс шығару тарифтері төмен және ол жерде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу – кәдеге жарату шығындары ескерілмеген. Сондықтан бұл саланың инвестициялық тартымдылығы өте төмен», - деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев негізі «Waste to Energy» технологиясы жеке инвесторларды қызықтарытынын айтады. Өйткені қоқыстарды жағу нәтижесінде электр энергиясы өндіріліп, жалпы электр желісіне сатылады. Келесі жылы осындай зауыт құрылысына инвесторлар арасында ашық аукцион өткізу жоспарланып отыр.

«Электр энергиясының ең аз құнын кім ұсынса, сол аукционның жеңімпазы болып аталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Мәжіліс оны мақұлдады. Күзде Парламент Сенатында қаралады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар