Мағзұм Мырзағалиев елдегі қоқыс мәселесі қалай шешілетінін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ел аумағындағы полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс өңделмей жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқысты қайта өңдеу мәселесі еліміз үшін өте өзекті болып тұр. Елдегі полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс жиналған. Сонымен қатар, полигондарға жыл сайын 5-6 млн тоннадан қосыла береді. 14 пайызын ғана қайта өңдеуге барады. Бұл ретте ең басты мәселе – тарифтің төмен болуы. Ашық әрі анық айтсақ, тарифті көтеруге мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, оны бір дегенде 20-30 есе көбейту керек болады. Тариф төмен болғаннан кейін салаға инвесторлар келмейді», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік еуропалық тәжірибені зерттеп, қоқысты жағу арқылы өндірілетін электр энергиясын жеке сату амалы барын зерделеп көріпті.

«Біз осындай тетікті енгізейін деп жатырмыз. Жаңа экологиялық кодексте ол тетіктер бар. Кодекс күшіне енгеннен кейін салаға инвесторлардың келетініне ешқандай күмәніміз жоқ. Себебі, олар өз табысын тарифтердің емес, электр энергиясының есебінен табады. Жаңа айтылып отырған 180 млрд теңге – біздің есебіміз бойынша 6 қалаға тиесілі. Жалпы, осы механизм арқылы бүкіл ірі қалада қоқыс мәселесін шешеміз деген ойдамын. Әрине, қазіргі таңда біздің елімізде қоқыс өңдейтін мекеме жоқ. Сұрыптау кешендері ғана бар. Сондықтан, осы салаға инвесторлар керек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар