Мағзұм Мырзағалиев Экология министрлігіндегі жемқорлық фактілерін жайып салды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология министрлігі құрылғаннан бері ведомствода 12 қызметкердің қатысы бар 8 сыбайлас жемқорлық фактісі орын алған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бағыты өте маңызды болып саналады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі министрліктің 2019-2020 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Оған мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және жетілдіру, мемлекеттік бақылау жүргізу, азаматтардың өтініштерін сапалы қарау іс-шаралары енгізілді. Өткен жылы «Адалдық алаңы» жобасының жарғысы бекітіліп, оны құру туралы меморандумға қол қойылды. Қараша айында Экологиялық ұйымдар қауымдастығының алаңында «Адалдық алаңы» жобасы іске қосылды. Жобаны «Қазақстанда экологиялық ұйымдар қауымдастығы» бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Соловьева басқарды«, - деді министр.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан министрлік құрылған сәттен бастап 12 қызметкердің қатысы бар 8 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Қазіргі уақытта қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны, браконьерлікке қатысқаны, сондай-ақ пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті аумақтық инспекциялары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының 8 қызметкері тартылады.

»Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін Экологиялық реттеу және бақылау комитеті аумақтық департаменттерінің 2 қызметкері, пара алу және алаяқтық фактісі бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Охотзоопром» мекемесі филиалының 2 қызметкері сотталды. Бұл фактілер бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша комитеттер мен аумақтық органдар басшыларының жүргізген жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты деп ойлаймын«, - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар