Мағзұм Мырзағалиев Бішкекте Аралды құтқару қорының жұмысын жандандыруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Экология геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі қырғыз əріптестермен су ынтымақтастығы мəселесін талқылап, сондай-ақ Бішкекке ХАҚҚ жұмысын қайта жаңғыртуды ұсынды.

Бұл туралы бүгін министрлік өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жазбадағы мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев дүйсенбі, 16 желтоқсанда Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барып, оның барысында бірқатар су-энергетикалық саладағы ынтымақтастық мəселесін талқылады.

Министрдің сапары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға жуырдағы мемлекеттік сапарынан кейін өтті. Ол Қазақстан Президентінің Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуінде көтерілген су саласындағы бірқатар мəселелерді шешу қажеттілігінен туындады.

Бішкекке сапары барысында М. Мырзағалиев Қырғызстан Республикасының бірінші премьер-министрі Кубатбек Бороновпен, Жогорку Кенеш төрағасы Дастанбек Джумабековпен, сондай-ақ Қырғыз Республикасы үкіметі жанындағы мемлекеттік Су ресурстары агенттігінің директоры Кокумбек Таштаналиевпен кездесті.

Келіссөздер барысында Экология министрлігінің басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық-Азиялық су-энергетикалық консорциум құру туралы бастамасын бішкектік əріптестердің есіне салып, оған қайта оралуды, бірлесе күш салуды іске асыру мүмкіндігін ұсынды.

Сондай-ақ М. Мырзағалиев Қырғыз Республикасының Халықаралық Аралды құтқару қорындағы (ХАҚҚ) ынтымақтастығын қайта жаңғырту мəселесін көтерді. Бішкек 2015 жылдан бастап, өзінің ХАҚҚ пен оның органдарына қатысуын шектей тұрған болатын.

«Біз тек бірлесе күш салудың арқасында ғана Арал су алабының трансшекаралық өзендерінің су-энергетикалық ресурстарын ортақ пайдалану мəселесі секілді күрделі проблеманы оң шеше алатынымызды жекіздік. Тиімділікті күшейту мақсатында оның қызметін жетілдіру бойынша іс-шаралар белгіленген. Қазақстан қырғы тарапының бұл мəселе жөніндегі ұсыныстарын талқылап, кеңестер беруге дайын»,- деді Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі.

Министр сондай-ақ Шу өзені су алабына қырғыз тарапының су беру кестесі туралы мəселе көтерді.

Оның айтуынша, бұл мəселені шешу мақсатында онлайн-режімде гидрологиялық деректерді алмасу жүйесін енгізу қажет.

«Бұл мəселенің айқын жүргізілуі су шаруашылығы саласындағы өзара сенімді арттырып, ынтымақтастықты күшейтеді», - деді М. Мырзағалиев.

Тараптар сондай-ақ Сырдария өзені су алабының су-энергетикалық ресурстарын пайдалану мен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су қатынастарының басқа да мəселелері жөніндегі екіжақты ынтымақтастықты кеңейту ұсыныстарын əзірлеу бойынша жұмыс тобының қызметін талқылады.

Қазақстан тарапынан бұл жұмыс тобын Экология, геология жəне табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Николаевич Громов басқарды.

Экология министрі қырғызстандық əріптестеріне тиісті мемлекеттік органның осы жұмыс тобындағы лауазымды тұлғасын белгілеуді, сондай-ақ таяу уақытта оның бірінші отырысын өткізуді ұсынды.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ Сырдария өзенінің су алабындағы су шаруашылығының жағдайын да қозғады.

Соңғы жаңалықтар