Мағзұм Мырзағалиев: Балық жемінің импортынан құтылу үшін бес облыста зауыт салу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығында жемнің импортын тоқтатмай, бұл саланы дамыту қиын. Сол себепті министр бес облыста бес зауыт салу керектігін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маңызды мәселелердің бірі – жеммен қамтамасыз ету. Балықтың өзіндік құнының құрылымында жемге жұмсалатын шығындар жалпы шығыстардың 70%-ын құрайды. Сондықтан құрама жемнің сапасы мен тиімділігі – балықты өндірістік өсіру рентабельділігінің шешуші факторы саналады. Мәселен, 2019 жылы 7 мың тонна балық өсіру үшін 12,5 мың тонна жем қажет болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда балық жемін өндірумен жалпы қуаты жылына 136 мың тонна болатын 14 отандық кәсіпорын айналысады. Алайда ондағы жем тұқыларға ғана жарамды», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Сондықтан, балықтың құнды түрлерін өсіру үшін бизнес импорттық жем сатып алуды жөн көреді. 2019 жылы 786 тонна алабалық және 178 тонна бекіре өсіру үшін 1,2 мың тонна импорттық жем («Aller Aqua» компаниясы өндірген) сатып алынған.

«Әрқайсысының қуаты жылына 80 мың тонна болатын заманға сай 5 зауыт салуға бизнесті тарту қажет. Оларды Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында орналастырған жөн деп есептейміз. Осыған орай министрлік отандық инвесторлардың қатысуымен балық жемін өндіретін әлемге белгілі даниялық «Aller Aqua» компаниясымен бірлескен зауыт салу бойынша келіссөздерді бастады. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетуге, бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар