Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығын дамытудың 4 факторын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығын дамыту жолындағы 4 қадамды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлердегі жобаларын іске асыру үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Балық шаруашылығын табысты түрде дамыту үшін біз 4 негізгі факторды анықтадық. Олар: заңнаманы жетілдіру, сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету, балық жемінің өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Министр осы төрт фактор туралы қысқаша айтып берді. Оның сөзінше бизнес үшін тиімді шарттар жасауға бағытталған заңнамаларды жетілдіру шеңберінде бірқатар жұмыс атқарылған. Біріншіден, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемнің орнына, тоқсан сайынғы төлем енгізілген. Осының алдында бизнес рұқсат алғанға дейін балық аулау төлемдерін төледі. Бұл айтарлықтай қаржылық жүктемеге айналып, көбінесе несие қаражатын алуға немесе айналым қаражатынан жұмсауға итермелеген.

«Екіншіден, балық шаруашылығы су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру қағидалары бекітілді. Бұл кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыратын пайдаланушыларға, әсіресе көптеген көлдері бар солтүстік аймақтарда балық өсіруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, балық шаруашылығын жүргізу үшін 49 жылға шарт жасасудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Бұрын шарттың мерзімі 5 жыл мен 49 жылдың арасында болатын. Төртіншіден, даму жоспарлары аясында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды. Оларға қойылатын жалғыз талап-балық өсірудің жыл сайынғы көлемін орындау. Бұдан басқа, жыл соңына дейін су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарын орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау туралы нормалар қабылданады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар