Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе экологиясына қатысты Президент тапсырмасын қалай орындауда

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласына жұмыс сапарымен келген Экология, геология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиев химия зауытының қалдығын залалсыздандыру, жағымсыз иіспен күрес және Көкжиде су қоры туралы мәселелерді де қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі экологиялық проблемалар: Алға қаласындағы химия зауытының қалдығы, кәріз суы қондырғысынан шыққан жағымсыз иіс, өзен суларының тартылуы және Көкжиде су қоры.

Біріншіден, Алға қаласындағы химиялық зауыттың қалдығын залалсыздандыру жұмысы бірнеше жыл бойы көтеріліп келеді. Тіпті екі жыл бұрын арнайы жоба таныстырылды. Негізгі жұмыс 2009 жылы басталды. Мүлікті түгелдеу кезінде 17 нысанның иесі бар екені анықталды. Олардың кейбірі мүлікті жалға алып отыр. Жекенің қолында барлығы 7 жер телімі тіркелген. Ескі өндірістік қалдық жинақтағышында 15 миллион тонна, жаңасында 11 миллион тонна қалдық бар. Ал Алға химиялық зауытында 730 мың тоннадан астам өндірістік, химиялық қалдық жатыр. Алға химиялық зауытының орнын залалсыздандыруға 7 миллиард теңге қажет. Жобалық-сметалық құжат дайындалып, ҚР Энергетика министрлігінде қаралды. Сонымен қатар алдағы уақытта ескі химиялық зауыттың орнына Алға индустриалды аймағы салынады деп жоспарланды. Арада жылдар өткенімен, химиялық зауыттың мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

Екіншіден, Ақтөбедегі жағымсыз иіс туралы Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың іссапары кезінде айтылды. Сол кезде жағымсыз иіс, Елек, Жайық өзендерінің ластануы, кәріз суын тазалау нысандарын салу жұмысын Үкімет пен әкімдікке тапсырды. Айта кетейік, өткен жылы ақтөбелік еріктілердің шағымы күшейіп, арнайы топ жергілікті әкімдікпен жұмыс істеді. БАҚ өкілдері иіс шығарып тұрған нысандарды аралады. Ал биыл экологтар ауа ластануының себептерін нақты атады.

«Біріншіден, кәріз суы. Тіпті ыдыс жууға арналған сұйықтықтар да аса зиянды, иіс шығаруды күшейтеді. Екіншіден, спирт зауытынан қалған қалдықтар. Өткен жылдан бері «Экополис» компаниясымен жұмыс басталып, жалғасып жатыр. Нәжиесінде 30 пайызы залалсыздандырылды», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов. Ақтөбе қаласындағы сасық иісті толық кетіру үшін кәріз құбырын тазалау құрылғысын қайта жөндеуге 16 миллиард теңге қажет.

«Күнделікті мониторинг жүргізіледі. Таяуда рұқсат етілген шекті концентрация 12-ге жетті. Мұндай таңда немесе түнде болады. Кейде иіс болады, бірақ нормадан аспайды. Негізі 12-ге жетсе, адамдарға зияны бар, тыныс алу нашарлайды», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.

Үшіншіден, осы экологиялық мәселелер қатарына өзен арнасын кеңейту кезінде судың тартылуы қосылды. Бау-бақша сусыз қалып, еріктілер өз күштерімен демалыс күндері бұлақ көздерін ашумен шұғылдана бастады. Олар 18 бұлақтың көзін ашты. Экология, геология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Ақтөбеге сапары кезінде де табиғат жанашылары ере жүріп, бәрін өздері түсіндірді.

«Мен өзендердің арнасын тазарту жобасын көре алмадым. Жергілікті әкімдік те сұрақтарыма жауап бермеді. Өзендер бұлақ суымен қоректенеді. Өзен арнасын кеңейту кезінде сол бұлақ көздері жабылды. Менің ойымша 3-4 жылда Ақтөбе ауыз сусыз қалады деп ойламаймын. Сол кезде адамдар уақытымен су алып, су таситын көліктерді күтетін болады. Қазір тоқтатып, қайта қарап, өзендерді сақтап қалуға болады. Вандализмді тоқтатуды сұраймыз», - деді зейнеткер геолог Петр Котик.

Ал жергілікті әкімдіктің жоспары басқа. Жоба су тасқынының алдын алуға көмектеседі.

«2018-2019 жылдары су қоймасына аз су жиналды. Ал су тасқыны болған 2017 жылы қоймада 168 миллион текше метр су болып, тағы 68 миллион текше метр жиналды. Яғни, толды. Су қоймасы толып қалған соң 266 миллион текше метр су жіберілді. Мұнда барлығы бес шлюз бар. Оның біреуін ашып, күніне 200-600 текше метрін жіберіп отырдық. Ақтөбе қаласына келетін судың 69 пайызы бақылауда, яғни, су қоймаларымен басқарылады. Қалған жеті кішкентай өзен көктем кезінде қадағалаусыз қалып, тасқынға бір себеп болып тұр», - деді «Қарсушар» РМК облыстық филиал директоры Әділжан Ализақ.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген экология, геология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиевке қала әкімі Ілияс Испанов жергілікті жердегі жұмысты түсіндіріп берді. Қарғалы, Жаман Қарғалы, Сазды, Бұтақ, Елек, Тамды, Песчанка өзендерінің арнасын төрт компания кеңейтіп жатыр. Бәрінің де бұл салада тәжірибесі бар. Республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінген.

«Қазір тазарту әрі қарай жалғаса ма деген сұрақ бар. Егер жалғасса, талдарды кесу де жалғасады. Ағаш кесу және бұлақ көздерін жапты деген ой наразылық тудырып жатыр», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Ақтөбеліктердің ойы екіге жарылды. Өзен жағасында, бау-бақшада тұратын халық бұл жұмыстардан соң өзеннің тасып кетпейтініне қуанды. Ал табиғат жанашырлары ондаған жылдар бұрын егілген талдарды сақтап қалуды қолдайды. Техникалық негіздеме бойынша өзеннің ені 15 метрден 50 метрге дейін кеңейтіліп жатыр.

«Қазір 50 метрге су жетпейді. Бірақ алдағы уақытта су көп жиналса, су қоймасында төтенше жағдай болса осы жұмысымыздың тиімділігі көрінеді. Су іркілмей, өтіп кетеді. Апат айтып келмейді. 2017 жыл осыған дәлел. Төтенше жағдайдар қызметі де екі өзеннің тоғысқан тұсын кеңейтуді сұрады», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Кеңейту жобасының авторы Еркін Тәжіғалиевтің айтуынша, өзен арнасын тазарту технологиясы бұрылмаған. Алайда, тұрғындар күмәнмен қарайды.

«Кеше құрғақ болды, бірақ бүгін су жіберіп, өзен ағып жатыр. Біз жобаны іске асыруға қарсы емеспіз, бірақ технологиясын дұрыс сақтамай отыр. Саз да бар, жағаны бекіткен құмы талапқа сай келмейді», - деді Ольга Евтушенко.

Эколог Александр Мандрыкин министрмен кездесуде Көкжиде су кен орнын сақтап қалуды да сұрады.

«Президент Қасым - Жомарт Тоқаев барлығын бақылап отыр. Сондықтан арнайы комиссия құрылып, Ақтөбеге келді. Мұнда жоспарланған және жоспарланбаған, табиғат жанашырлары айтқан нысандар қаралды», - деді министр.

Алдағы екі аптада 5-6 адам Ақтөбе экологиясын, әсіресе, 8 өзеннің жағасын бекіту, кеңейту жұмыстарын қарайды. Комиссия құрамында прокуратура, экология департаменті мен су ресурстары комитетінен өкілдері болады.

Соңғы жаңалықтар